Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Иранда палуан Навид Афкари дарға асылды

ТЕГЕРАН. 15 қыркүйек. Иран бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, өлім жазасына кесілген 27 жастағы палуан Навид Афкариге қатысты үкім орындалған. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Ирандағы қазақ тілді желілік басылымдар палуанның елдің түстігіндегі Шираз қаласындағы «Адель-Абад» түрмесінде дарға асылғанын жазды. Үкім орындалар алдында оған қамшымен 74 дүре соғылған. Айыпталушының адвокаты соңынан өз клиентіне өлім алдында отбасы мүшелерімен жүздесуге рұқсат берілмегенін айтты. Себебі, Иран заңнамасының талабы сондай.

Қазір бұл оқиғаға әлем қауымдастығы қатты мән беріп жатыр. Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) парсы спортшысы Навид Афкаридің қазасына қатты алаңдап отыр. «Бұл – өте қайғылы жағдай» деп жазды ХОК комитеті өзінің жазадан кейін бірнеше сағат өткенде жариялаған мәлімдемесінде.

«Біздің ойларымыз Навид Афкаридің отбасымен және достарымен бірге», – делінген ХОК мәлімдемесінде.

Үкім ХОК президенті Томас Бахтың Иранның жоғары жетекшісі мен президентіне жолдаған үндеуіне қарамастан, сенбі, 12 қыркүйек күні жүзеге асырылған. Бахтың хатында спортшыға рақымшылық жасау керектігі, ХОК-тың ислам республикасы спортшыларының егемендігін құрметтейтіні айтылған. Алайда, Иран билігі бұл өтінішке құлақ асқан жоқ, деп хабарлайды «Неміс толқыны» радиосы.

Иран билігінің болжамы бойынша, 2018 жылы Ширазда орын алған қарсылық қозғалысы барысында Афкари құқық қорғау органдарының өкілін өлтірген. Кейін ол мұны мойындаған. Алайда, спортшының отбасы мен құқық қорғаушы ұйымдар мұны оның ұрып-соғып қысым көрсету нәтижесінде өз мойнына алғанын атап көрсетеді. Сонымен бірге, Навидтің бауырлары – Вахид пен Хабиб тиісінше 54 және 27 жылға бас бостандықтарынан айырылып, 74 дүреге тартылған.

Афкари бұдан бұрын өзін құқық қорғаушылардың азаптағанын мәлімдеген екен. Адвокат өз қорғауындағы адамның кінәсі дәлелденбегенін айтады. Тегерандағылар, алайда, спортшының азапталғанын жоққа шығарып отыр.

Афкариді қорғауға АҚШ президенті Дональд Трамп пен UFC (Абсолютті ұрыс чемпионаты) басшысы Дэйн Уайт та араласты.

Спортшының өлім жазасына тартылуын АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео «адамның абырой мен құрметін аяққа таптаушылық» деп бағалап, мұны Штаттағылардың қатты айыптап жатқанын айтты.

Ал Бүкіләлемдік спортшылар кәсіподағы өлім жазасы жүзеге асырылған жағдайда Иранды спорт әлемінен аластату жөнінде ұсыныс жасаған болатын

Айтқандай, Навид Афкари аралас стильде күрескен екен.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button