Қазақстанда қазақ тілін білмейтін кезекті адам министр болды
АСТАНА. 11 қыркүйек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін өзінің өкімімен Юрий Ильинді жаңадан қайта құрылған Төтенше жағдай министрлігіне басшы етіп тағайындады. Бұл туралы Sputnik.kz хабарлады.
«Юрий Ильин Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалсын», – делінген өкім мәтінінде.
Ол бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары болып қызмет атқарған. Сонда төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтер мәселесімен айналысқан.
Бірақ желідегі көп оқырман қазақ еліндегі жаңа министрліктің тізгінін ұстап отырған адамның қазақша қақпайтынын жазып жатыр.
Бұлай болатындай жөні бар. Юрий Викторович Ильин – Ресей елінің тумасы. Ол 1968 жылы Куйбышев (қазіргі Самара) қаласында туған. 1989 жылы Алматыдағы И.С.Конев атындағы Жоғары қарулы командалық училищесін «Шынжырлы және доңғалақты көлік құралдарын пайдалану инженері» мамандығы бойынша бітірген, ал 2006 жылы Қырғыз мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған.
Училищені аяқтағаннан кейінгі еңбек жолын Украинада бастаған. 1992-1996 жылдары Сумы облысындағы 390-азаматтық қорғаныс курсының оқытушысы, курс бастығының орынбасары боліп істеген. Содан кейін, 1996 жылы Алматыға келіп, төтенше жағдайлар саласында әртүрлі басшылық қызметтер атқарған. 2013-2015 жылдары Алматы қаласы әкімінінің орынбасары, 2016 жылдан жаңа тағайындауға дейін Ішкі істер министрінің орынбасары болған.
2020 жылдың мамырынан бері генерал-майор атағы бар.