Тоқаев: «Бәйтерек» пен «ҚазАгроны» біріктіру керек
АСТАНА. 1 қыркүйек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін парламент қос палатасының біріккен отырысында халыққа арнаған жолдауында осы жайында сөз қозғады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Үкімет жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауы тиіс. Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалу керек.
Мемлекет басшысы осыған байланысты квазимемлекеттік секторға елеулі өзгерістер жасалуы керек екенін алға тартты.
«Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын мемлекеттік қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. – «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің рөліне арнайы тоқталғым келеді. Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірімен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірді. Ал қазір біз мүлде жаңа жағдайда тұрмыз. Институционалдық құрылымды өзгерту – уақыт талабы. Сондықтан осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған жөн. Бұл ретте портфельді компаниялардың саны екі есеге азайып, штат саны 50 пайызға қысқаруы тиіс».