Армяндар Грузияда бүлік шығарып, бес үйді өртеп жіберді
ТБИЛИСИ. 9 тамыз. Грузияның Самцхе-Джавахетия өңіріндегі Ахалкалаки қаласында тұратын армяндар жаппай тәртіпсіздікке жол берді. Бұл туралы JNEWS сайты хабарлады.
Ахалкалаки – негізінен армяндар тұратын қала.
Мәлімет бойынша, бұған Куликам селосында тұратын бір жігіттің мылтықпен атып өлтірілгені себеп болған. Оқиға «Хас Бахча» паркі жанында бұрнағы күні кешкі 19:00 сағатта орын алған.
Кісі өлімінен кейін жастар арасында текетірес басталған. Қандары қатты қызып алған бір топ жас алдымен Ахалкалакидегі Мясникян және Налбандян көшелері бойындағы 4 үй мен бір отельге от қойып, жандырып жіберген. Айтуларына қарағанда, өртелген үйлер тұрғындарының жігіт өліміне қатыстары болған.
Тәртіпсіздік кезінле тағы бір адам қаза тауып, бір адам жарақат алған. Қақтығыс кезінде Ахалкалакиге сырттан қосымша полиция сарбаздары әкелінген.
Өңірдің губернаторы Бесик Амиранашвили де кешелі бері осында жүр. Ол қаладағы тәртіпсіздіктерге қылмыс әлемі адамдарының қатысы болғанын айтып отыр.
Бірақ қазіргі уақытта Ахалкалаки толық бақылауға алынған.