Басты баған

Пандемия және парасат

Орыста «Пока гром не грянет, мужик не крестится» деген керемет мақал бар.

Орыстың мұжығы ғана емес, біз де сондаймыз.

Себебі, біз әу бастан бәрін «біліп туғанбыз» ғой.

Қазір соның зардабын тартып жатырмыз.

Бірақ енді біреулерді табалайын деп отырған жоқпыз.

Одан пайда жоқ. Болатын нәрсе онсыз да болып жатыр.

Ерте көктемде Италия жақтан талай видеоүндеулер келді. Оны көбіміз көрдік. Сонда жүрген орыстар, украиндар, шешендер жылап тұрып, коронавирусқа байланысты жағдайдың өте ауыр екенін айтып жатты.

Біз сонда да мән бермедік.

Құданың құдіреті, осы кезде де мән беріп жатқанымыз шамалы. Ал айналамызда ажалдың оғы ерсілі-қарсылы ұшып жүр. Ол жұртты баудай түсіріп, жұлып кетуде. Сонда айылымызды жияр емеспіз.

Мұны мен басқа жаққа қарап емес, өзімнің Қызылордамның күнделікті тіршілігіне сайып айтып отырмын. Әлі де көшеде, көпшілік орында қамсыз жүрген біреу. Болып жатқан жағдайлардың өзіне тіпті де қатысы жоқтай сезінеді көбі.

Кешеге дейін қалада автобус жүріп тұрды. Оған ара-тұра мен де мінетін едім. Сонда салондағы жолаушының тек үштен біріндейінде ғана тұмылдырық болатынын байқап келдім. Тіпті кондуктор да бұрынғыдай талапшыл болмай кетіпті.

Осыдан бірқатар уақыт бұрын пандемия туралы өз сайтымда жариялаған хабарларымды уацап арқылы өзім араласып жүрген біраз адамға тарата бастадым. Сонда мұның бәрінің өтірік екенін айтып, өзіме тарпа бас салғандар аз болған жоқ. Біразы ақыл айтты. Өзіме нравоучение жасады. Сосын сондай бунт көтергендерге хабар жіберуді кілт тоқтата қойдым. Ал соңғы күндері сол сайт ашылмай кетсе де, таратуды қойып жатырмын. Өйткені, жібергендерімнің көбі сол ақпарды ашып оқымайды да екен.

Кеше бір күнде 76 адам осы коронавирустан қайтыс болды. Бұл тек ресми мәлімет қана. Алайда, шындығы қайда екені бір Аллаға ғана аян.

Мен өз басым «пәлен адам жазылды» деген мәліметке де оншалықты илана қоймаймын. Бұл – ешкім жазылмай жатыр деген сөз емес. Бұл – сол цифрдың жергілікті бас дәрігер мен бас санитардың, сосын әкімнің қолындағы сан ғана деген сөз. Солар қандай цифр айтқысы келеді, сол кетіп жатыр. Жазылып жатқандар бар, әрине.

Ал Астанадағы кешегі «той» туралы ештеңе айтпаймын. Бұл – сондағылардың арына қатысты нәрсе. Өздері білсін. Маған халықтың амандығы ғана керек. Всем чертям назло.

Айтқандай, «пандемия» деген сөз грек тілінен аударғанда, бар болғаны «барлық халық» деген мағынаны ғана береді. Бұл бізге Алланың «барлық қазақ, бірігіңдер» деген дабылы да шығар.

Пандемия біздің парасатымызға да баға беріп жатыр.

Сосын ешқандай Билл Гейтске, тағы басқаларға бар кінәні артып қойып, отыра беріп қажеті жоқ. Бүкіл планета халқы соған жол беріп қойып отыра бермейтін шығар. Қисынға да соқпайды бұл.

Аман бол, қазағым.

Шын қазақтың оншалықты көп те емес екенін осы кезде байқап жүрмін.

Серік ПІРНАЗАР

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button