Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Қызылорда облысының әкімі БАҚ қызметкерлерін құттықтады

ҚЫЗЫЛОРДА. 28 маусым. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Гүлшара Наушақызы өз сөзінде журналистер қауымының елдің басын біріктірудегі еңбегін атап өтіп, алдағы қызметтеріне табыстар тіледі.

Төменде облыс әкімінің құттықтауы беріліп отыр:

«Құрметті бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен ардагерлері!

Қазақ журналистикасының шежіресі 1913 жылдан басталғаны белгілі.

Бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін шығарып, «Баспасөз – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – деп ұлттық баспасөз тарихын бастады.

Ал 1925-1929 жылдар Қызылорда Қазақстанның астанасы болған кезде Сыр өңірінің мерзімді ұлттық басылымдарының қалыптасу және шыңдалу кезі болды. Осы аралықта аймақта ұлт зиялылары бас қосты. Руханият көшбасшылары халық үшін қызмет етті.

Ұлттық журналистикамыздың дамуы мен қалыптасу жолына көз жүгіртсек, сөз өнерінің майталмандары Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқановтар біздің өңірде журналистік қызметтерін атқарғанына тарих куә.

Сыр еліндегі мерзімді басылымдар өз кезегінде қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге айтарлықтай әсер етті. Республикадағы ежелгі басылымдардың бірі, әрі облысымыздың төл басылымы «Сыр бойы» газетінде Жиенғали Тілепбергенов, Ұзақ Бағаев, Әуелбек Қоңыратбаев сияқты есімдері елге танымал журналист-жазушылар, ғалым-публицистер қызмет атқарды. Міне, қалыптасу және даму жолы әріде жатқан Сыр өңірі журналистикасының тарихы осындай.

Содан бері ел де, елмен бірге баспасөз де дамудың жаңа дәуіріне көшті. Қазір тәуелсіз елдің журналистикасы мен баспасөзі өзіндік мектебі қалыптасқан үлкен бір салаға айналды.

Осыдан отыз шақты жыл бұрын аймақтың өз телевидениесі қалыптасты. Оның алғашқы режиссері Хусейн Әмір-Темір, алғашқы дикторы Айгүл Оразова, ұйымдастырушысы Жақсылық Бекхожаев болды.

Қазіргі таңда облыстың медиа кеңістігінде 101 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде электронды – 8, ақпараттық агенттік – 6, баспа БАҚ – 87. Сондай-ақ, іргелі индустрияға айналған бұл салада 2,5 мыңнан астам адам еселі еңбек етеді.

Кәсіби ортада «редакторлардың редакторы» атанған Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген сөзі бар. Қаламы қарымды қаламгер бұл ойы арқылы журналистер қауымының мехнаты мен ел алдындағы абырой-міндетін меңзеп тұрғаны анық.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің өз кәсіптеріне адалдықтары мен маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге қосып келе жатқан зор үлестері үшін тағы да алғысымды білдіремін!

Мерейлі мереке күні еңбектеріне шығармашылық шабыт, отбасыларына бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін!

Жақындарыңызға жанашыр болыңыз!

Біз біргеміз!»

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button