Моңғолия парламентіне үш қазақ депутат болып сайланды
УЛАН-БАТОР. 28 маусым. Бұдан үш күн бұрын, 24 маусымда Моңғолияда парламент сайлауы болып өтіп, 3 қазақ азаматы депутат болып сайланды. Бұл туралы ARD хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Моңғол халық партиясы (МХП) ел парламенті – Жоғары мемлекеттік хуралға жолдама беретін 76 мандаттың 62-сін жеңіп алып, сайлауда аса басымдықпен алға шықты. Партия жетекшісі Д.Амарбаясгалан 25 маусым күні 00:30 сағатта сайлау қорытындысына байланысты мәлімдеме жасады.
МХП арқылы парламент мүшесі болып сайланғандар арасында елдің Баян-Өлгей аймағында тұратын 3 қазақ азаматы да бар. Олар – Хавдислам Бәделхан, Телеухан Әубәкір және Бұлан Бейсен. Үшеуі де – керей тайпасының құтберді аталығынан. Соның ішінде Бәделхан мен Әубәкір жаппас – жабайдан тарайтын молқы болса, Бейсен бағаналы – байлаудан өретін шерушінің құрманы.
Рас, аймақ орталығы – Өлгий қаласында тұратын Бұлан Бейсеннің түп атасы қырғыз екен, бірақ кейін ата-бабалары шерушіге қосылып кеткен. Осы кезге дейін қалалық аурухананың бас дәрігері болып келген ол осы аймақта өзі секілді 3 мыңға жуық нәсілі қырғыз бар екенін айтады.
«Моңғолияда 100 мыңнан аса қазақ тұрады. Олардың қатарында 2-3 мың шамалас тегі қырғыз ағайын бар. Біз паспорт бойынша – қазақпыз, құрман тайпасынанбыз. Бірақ ешқайсымыз қырғыз тілін білмейміз, оны әлдеқашан ұмытқанбыз, бір-бірімізбен қазақша сөйлесеміз», – деді ол.