Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Өмірден самбошы Айтжан Шаңғараев өтті…

Атақты Шаңғараев қапияда бұл жалғанмен қош айтысты. Елу жеті жасында соңына жеті баласын қалдырып, Жаратқан Иеміздің құзырына кете барды. Жалпақ дүниені жайлаған дерт Айтжанға да шеңгелін салған екен. Мұндайда шынайы мұсылман: «Инна лиллаһи уә иннә иләйһи ражиъун» (Расында біз Алла Тағалаға тәнбіз және оған қайтушымыз), дейді. Алла Тағала маңдайына жазған тағдыры осы болса, біз, жұмыр басты пенде Жаратушының бұйрығына мойынсұнамыз.

Айтжан Шаңғараев. Кейінгі жастар біле қоймайтын шығар. Самбо күресінен ересектер арасында Совет Одағының чемпионы болған бірінші қазақ балуаны. 1981 жылы 18 жасында. Бұған қоса Әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионы. 48 келідегі асықтай ғана Айтжан ССРО чемпионы атағын екі рет жеңіп алды.

Қайран, зымырап бара жатқан уақыт. Сонау сексенінші жылдары кеудесінде «СССР» деген жазуы бар көк спорттық форма киген Алмас Мұсабеков екеуін алғаш көргенде ауылдан келген біздер үшін бұл жігіттер ерек туған жандардай әсер етіп еді. Қазір сол екі балуан бауырым сымбатты, шымыр, әдемі, жап-жас қалыптарында еміс-еміс есіме түсіп отыр.

Қайран, жалған дүние! Кезінде 48 келі салмақта Совет Одағында ғана емес, дүние жүзі бойынша қарсыластарын сеңдей соғыстырған Қанат Байшолақов, Асқар Шайхиев және Айтжан Шаңғараев бірінен соң бірі арамыздан кете беріпті.

Қанат ағамыз 1984 жылы қазақ самбошыларынан ең бірінші болып әлем чемпионы атанса, 1987 жылы Еуропа чемпионатында топ жарды.

Айтжан бауырымыз 48 келі салмақта 1981,1984 жылдары ССРО чемпионатын ұтып, қазақ самбошыларынан ең алғашқы болып 1984 жылы ересектер арасындағы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алды. Бұған қоса Әлем кубогында жеке-дара шығып, ССРО халықтарының жазғы спартакиадасында екі рет қола жүлдеге иелік етті. Мәскеу іштарлық жасап, Айтжанды әлем чемпионатына апарған жоқ. Сол тұста Айтжан ініміз ең жеңіл салмақта жер шарындағы ең таңдаулы балуанның бірі әрі бірегейі еді.

48 келі салмақта Қанат ағасынан кейін әлем чемпионы атанған екінші балуанымыз Асқар Шайхиев. Асқар бауырым 1989 жылы Алматыда, біздің көз алдымызда ССРО чемпионатын келістіріп ұтып алды да, сол жылы қара күзде АҚШ-та дүние жүзілік чемпионатта үздік шықты. Асқар ССРО чемпионатының екі мәрте финалисі, Әлем кубогының жеңімпазы.

Бір ғажабы, үшеуі де ауыл балалары. Үшеуі де кісілік, мәдениет жағынан жағынан көпке үлгілі, өнегелі азаматтар болатын. Бізге Алла Тағала осындай ақберен жігіттермен қоян-қолтық араласуды, емен-жарқын әңгіме-дүкен құруды, етене сыйласуды нәсіп етіпті. Дәл осы сәтте осы үш бауырымды қатты сағынып, ішті кернеген көңіл толқынысы көзімнен ыстық жас болып мөлтілдеп тұр. Шынымды айтайын, осы бауырларым тек маған ғана емес, мыңдаған тілеулестеріне сондай жақын, сондай ыстық, сондай мейірімді еді. Бұлар тек құрғақ күштің адамдары емес, жүректеріне жақсылық ұялаған, айналасына шуақ шашып жүретін, Алла Тағала нәсіп еткен тамаша жеңістерімен жүздеген жыл езгіге түскен қазақ ұлтының рухын алдаспандай жарқ еткізген айбоз ұлдар еді ғой!

Былтыр көктемде Айтжан бауырмен дастархан үстінде ұзақ әңгіме шертіп едік. Одан кейін Айтжан, Қайрат Шаңғараев, Бостан Жаңбырбаев, Мәден Қалиековтардың ұстазы, ССРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетовтің жетпіс жылдық тойында бірге болдық. Айтжан бауыр менен бір жас қана кіші болғанына қарамастан «аға» деуші еді мейірленіп.

Міне, енді тағдырдың жазуымен «аға!» дейтін тағы бір інімнің бақилық болғаны туралы хабарды естіп, Айтжан бауырымның ет жақындарына, отбасына, барша тілеулестеріне көңіл айтуға тура келіп отыр. Я, Аллаһым, Айтжан інімнің ілгері-кейінді күнәларын кешіріп, оны мейіріміңе бөлей гөр. Соңында қалған отбасына, ұрпақтарына, ағайын-туғандарына берекелі ғұмыр, кәміл иман нәсіп ете гөр!

Я, Жаратқан Ием, алты алаштың барлық азаматтарын, олардың отбастарын осы бір төтеннен келген індеттен аман қыла гөр! Қазақ елінің қияметке дейін қуатты әрі берекелі ислам мемлекеті болып ғұмыр кешуін нәсіп ете гөр!

«Инна лиллаһи уә иннә иләйһи ражиъун» (Расында біз Алла Тағалаға тәнбіз және оған қайтушымыз).

Қыдырбек РЫСБЕК

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button