Бүгін – еліміз мектептерінде онлайн соңғы қоңырау!
АСТАНА. 25 мамыр. Бүгін Қазақстанның барлық мектептерінде онлайн сипатында соңғы қоңырау соғылады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Министрлік 25 мамырда соңғы қоңырау мерекесі міндетті түрде онлайн режимде өткізілетінін мәлімдеді.
25 мамыр күні сағат 11.00 -де телеарналар арқылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді құттықтайды.
Осы күні еліміздің барлық мектептерінде мүмкіндігінше ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің, мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн соңғы қоңырау өткізіледі.
Осыған орай министрлікте жиын өткізілді.
«25 мамырда онлайн режимінде 1-10 сыныптарға арналған соңғы қоңырау сынып сабақтарын өткізіледі. Жыл қорытындысын сол жерде әр сынып бойынша жасауға, оны әртүрлі уақытта өткізуге болады. Оны асыра ұйымдастырудың қажеті жоқ. Әр сынып жетекшісі қай уақытта, қалай өткізетіндігін ешқандай есепсіз, сұраусыз жеке тәртіпте өткізуі тиіс», – деді Білім және ғылым министрі жиында.
Еске сала кетейік, 11 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау 3-4 маусым күндері өтеді. Онда адам саны шектеліп, санитарлық нормалар қатаң сақталуы тиіс.