АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Әулиеата жерінің бай тарихын құрметтеуіміз керек – Сапарбаев

ТАРАЗ. 21 мамыр. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс алаңдарын аралау кезінде ежелгі Әулиеата жерінің бай тарихын құрмет тұту керектігін айтты. Бұл туралы облыс әкімдігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.

Облыс әкімі алдымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Достық үйінің» жұмысымен танысты. Ғимарат облыс орталығындағы көрікті орындардың бірі болып табылады. Ерекше зәулім үй Қазақ хандығының 550 жылдығына орай салынған. Бүгінде мұнда этномәдени бірлестік орталықтары, медиация кабинеттері, оқушыларға арналған шығармашылық үйірмелер орналасқан.

Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева жаңбыр жауғанда шатырдың кей бөліктерінен су ағатынын жеткізді. Жылу жүйесінің де жұмысы ойдағыдай емес. Сондай-ақ, ғимараттың қасбетін де жөндеу керек.
Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев «Достық үйінің» жанында орналасқан шолу мұнарасының алаңдатарлық жағдайына көңіл бөлді. Сонда тиісті орындарға барлық мәселелерді зерттеп, оларды шешудің егжей-тегжейлі жоспарын ұсынуды тапсырды.

Бұдан кейін аймақ басшысы ашық аспан астындағы археологиялық саябақ-мұражайды көрді. Музейде құнды археологиялық жәдігерлер сақтаулы және онда көне Тараз қаласының хамам-монша, медресе, керуен сарай, магистральды көше, суару және су құбыры жүйесі, тұрғын және қолөнер аумағы сынды орындары бар. Бұл жерге туристер үлкен қызығушылық танытуда. Дегенмен, кешенді одан әрі тартымды ету үшін нысанға су өтуден сақтайтын қауіпсіздік және жарықтандыру жүйелерін орнату керек. Әкімшілік ғимаратында, сыз және қараңғы жертөледе шамамен мыңжылдық тарихы бар құнды жәдігерлер сақталып тұр. Бердібек Сапарбаев археологиялық саябақ-мұражай мен оның әкімшілік корпусын жөнге келтіруді міндеттеді.

«Тараз қойнауында екімыңжылдық тарих жасырулы жатыр. Біздің міндет – осы мұраны келер ұрпаққа жеткізу. Біз киелі Әулиеата жерінің бай тарихын ұмытпай, оған құрметпен қарауымыз керек», – деді Бердібек Сапарбаев.
«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені ерекше архитектуралық сәулеттік ғимараттарымен танымал. Алайда, келушілер ондағы күтімнің жоқтығынан бұл кереметті тамсанып, қызықтай алмай отыр.
Бердібек Сапарбаев осы олқылықтарды жойып, кешен аумағын тазалап, гүл отырғызып, көгалдандыруды тапсырды.

«Қаратау» шағын ауданы аумағын аралау кезінде өңір басшысы мұнда да көгалдандыру, тазалық шараларын кешенді түрде қолға алып отыруды тапсырды. Қазір мұнда балаларға арналған футбол және ойын алаңшасының құрылысы жүргізілуде.

«Алаңшаның маңайын тазартып, көгал мен ағаш көшеттерін отырғызып, балалардың асыр салып ойнауына бар жағдайды жасау керек. Пәтер иелері кооперативтерінің басшылары аулалардың тазалығы мен тәртібіне немқұрайды қарамауы тиіс», – деп тапсырды Бердібек Машбекеұлы.

Белгілі болғанындай, үйлердің бәрі пәтер иелерінің кооперативіне кірмеген екен. Бұл мәселенің де шұғыл түрде шешілу керектігі жүктелді. Бұл шағынауданның жанынан жабайы сауда орындары қанат жайып кеткен. Тұрғындар облыс әкімін көрген бетте мұндағы контейнерлердің қала сәулетінің сәнін кетіріп тұрғанын айтты. Бердібек Сапарбаев қала басшылығы олардың заңдылығын қарап шығатынын жеткізді.

Өткен жылдың тамыз айында құрылысы басталған «ARAI-ELITE» жекеменшік элиталық мектеп-гимназиясы тегін білім беретін облыстағы алғашқы жекеменшік білім ордасы болмақ. Бас мердігер «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері нысанды жаңа оқу жылы басталғанша пайдалануға беретініне уәде етіп отыр.

Төрт қабатты ғимарат 1025 оқушыға лайықтанған. Онда 41 оқу кабинеті, компьютер сыныбы, химия, биология, физика пәндерінің зертханалық кабинеттері, мәжіліс залы, асханасы бар. Сондай-ақ балаларға арналған футбол және баскетбол алаңдары, ойын алаңшалары салынбақшы.

«ARAI» медициналық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің реконструкциялық жұмыстарымен де «Арайстроймаркет-2003» компаниясы айналысуда. 1972 жылы салынған ғимарат көптен бері жөндеу көрмепті. Медициналық орталықта стационарлық, стационарға жатқызу, амбулаторлық-емханалық көмек шаралары көрсетіледі. Мұнда жалпы хирургия және жалпы терапия бөлімдері жұмыс істейді.

Бас дәрігер Айдарбек Әбдіғалиевтің айтуынша, орталықтың бір бөлігі бұрынғы қалпында жұмыс істеп, дәрігерлер әлі де науқастарды қабылдап келеді. Коронавирус пандемиясы жағдайына байланысты дезинфекциялық дәліз ұйымдастырылған.

Облыс әкімі сапалы құрылыс материалдарын қолданып, нысанды мерзімінде пайдалануға беруді міндеттеді.

Жалпы, Бердібек Сапарбаев құрылыс жұмыстарына көңілі толатынын білдірді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button