Қызылорда облысының әкімі Қармақшы ауданын аралап жүр
ЖОСАЛЫ. 16 мамыр. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бүгін жұмыс сапарын Қармақшы ауданында жалғастырды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімдігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Аймақ басшысы алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты мәжіліс өткізіп, онда аудан басшылығы алдына бірқатар міндеттер қойды. Ол бұдан әрі «Жаңажол» ауылына барып, көктемгі егіс науқанына дайындық барысымен танысты. Келесі кезекте ІІІ Интернационал ауылдық округі тұр.
Облыс әкімі бұған дейіін Арал, Қазалы аудандары мен Байқоңыр қаласында жұмыс сапарымен болып еді. Ол бұрнағы күні, 14 мамырда түс ауа Қазалы ауданын аралады. Алдымен Майдакөл ауылдық округіне қарасты «Бекарыстан би» ауылына аялдап, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен қанықты. Жобаға сай ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы дамуына республикалық және облыстық бюджеттерден 930 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Соның арқасында ауылдағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеу, тұрғын үйлерге сервистік су желілерін жүргізу және 7 көшені орташа жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, ауылдағы 8 көше жарықтандырылып, 20 азамат уақытша жұмыспен қамтылатын болады. Облыс әкімі бөлінген қаржының мақсатты жұмсалып, атқарылған жұмыстардың сапалы болуы керектігін қадап айтты.
Мұнан кейін Гүлшара Әбдіқалықова «Әлсейіт» учаскесіндегі көпірге барды. Екі жолақты көпірдің жалпы ұзындығы 219 метрді, ені 12 метрді құрайды. Алдағы уақытта көпірдің екі жағынан жаяу жүргіншілер жолын салу қарастырылған. Көпірдегі қосымша құрылыс жұмыстары туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетов баяндады. Қазір көпірге тоған салу және кірме жолдардың су басу аймақтарын бетондау жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі осы жерде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен басқарма басшысы Мұрат Тілеуімбетовке көпірдің қосымша құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді және уақтылы аяқтауды тапсырды.
Мұнан соң Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен аудан әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәжіліс өтті. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Жиын соңында аймақ басшысы бірқатар тапсырмалар берді.
«Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта әлемдік экономикадағы ахуал күрделі. Бұл ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Осыған орай, Мемлекет басшысының шешімімен халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол карта» бағдарламасы қабылданып отыр. Аталған бағдарлама аясында республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, ауданда инфрақұрылымды және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру мақсатында 42 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобалардың іске асырылуын басты назарда ұстап, қаржының тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет», – деді Гүлшара Наушақызы.
Содан соң өңір басшысы жаңадан салынып жатқан 600 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысып, тиісті жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, «Жанқожа батыр» кесенесінде ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесті. Кездесуде ауыл ақсақалдары Қазалы қаласына табиғи газ тарту мәселесін көтерді. Облыс әкімі бұл мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
Жұмыс сапары барысында Гүлшара Әбдіқалықова «Дәмді» сауда белгісімен пастерленген сүт өнімдерін шығаратын «РЗА» акционерлік қоғамының, темір-бетон зауытының жұмыстарымен танысты. Кәсіпорындарға өнім түрін көбейтіп, болашақта экспортқа шығу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Әрі қарай аймақ басшысы Майлыбас ауылдық округіндегі «Ақсуат» елді мекенінде апатты деп танылған клуб пен балабақша орындарында салынып жатқан нысандарында болып, тамыз айында пайдалануға беруді міндеттеді.
15 мамыр күні Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Байқоңыр қаласына ұласты. Ол бірінші болып №277 мектеп-лицейге қадам басты. Мұнда ол мектептің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, жаңадан салынған көп қабатты 5 тұрғын үйге барып, оның құрылыс жұмысын жалғастыру мәселелерін талқылады.
Содан соң Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасын аралап көрді. Мұндағы атқарылып жатқан қызметпен танысып, медицина қызметкерлерімен кездесті.
Еске салайық, былтыр Байқоңыр қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 пәтерлік 5 үй пайдалануға берілген. Бұл соңғы 30 жылда алғаш рет орын алған игі іс болды. Сонымен қатар өткен жылдың қазан айында қаланың барлық көппәтерлі үйлерін (20427 пәтер) табиғи газға көшіру аяқталған. Бұл іс тұрғындар үшін газ төлемін 16 есеге төмендетуге мүмкіндік туғызды.