Момышұлы маневрі
Қазақтың даңқты ұлдарының бірі, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының атын әлемге танытқан 1941 жылдың күзінде неміс басқыншыларынан Мәскеу қаласын қорғау жолындағы алты айлық айқас болды. Осы қанды қырғында кейін әскери өнер тарихында «Момышұлы серіппесі» деген атпен қалған әйгілі қорғана жүріп, ұрыс салатын маневрі әлемнің бірқатар елдеріндегі әскери білім беру оқу орындарында арнайы сабақ ретінде оқытыла бастады.
Отанымыздың сол кездері жүрегі саналған қаланың маңын қанды қасапқа айналдырған бұл бағыттағы ұрыс қимылдары екі кезеңнен тұрды. Мұның біріншісі 1941 жылғы 30 қыркүйек пен 4 желтоқсан арасын алып жатса, екіншісі 5 желтоқсаннан 1942 жылғы 20 сәуірге дейінгі аралықты қамтыды. Герман әскери басшылығының блицкриг жоспары құрамына кіретін осы «Тайфун» операциясы сәтсіз аяқталуына генерал И.В.Панфиловтың дивизиясы айрықша зор үлес қосты.
Даңқы осы шайқаста кейін күллі әлемге 8-ші гвардиялық дивизия атауымен тарайтын 316-шы атқыштар дивизиясы 1941 жылдың шілде-тамыз айларында Алматыда құрылды. Осы әскери құрылым құрамында шайқасып, батальон командирінен дивизия басқаруға дейін баратын әйгілі Бауыржан Момышұлының атағы да тап осы Мәскеу түбінен дүйім жұртқа танылды. Мұнда өз батальонын қаншама рет дұшпан қоршауынан аман алып шыққан аға лейтенант соғыстың оперативті-тактикалық ғылымына «Момышұлы серіппесі» деген жұмылысты қорғаныс кезіндегі ерекше терминді енгізуімен де әскер өнерінің тарихында қалды. Кейін ұрыс қимылдарын жүргізудің бұл тактикалық тәсілі әлемнің көптеген елдерінің жоғары әскери оқу орындарында оқытылатын болды.
Құрамында 13 мың жауынгері бар дивизия 18 тамыз күні Алматы вокзалынан майдан даласына қарай жүріп кетті. Ол тамыздың соңында Новгород түбіне екінші эшалон болып жетті. Ставка құрылымды фашистерді Ленинград маңынан түре кууға қоймақшы болып еді. Бірақ күтпеген жерден Мәскеу түбінде пайда болған ауыр ахуал жоспарды күрт өзгертіп жіберді. Осы тұста фашистер Брянск, Вязьма, Смоленск түбінде 20 дивизияны қоршауға алып, астанаға баратын жол ашық қалды. Сондықтан жоғары командалық басшылықтың бұйрығымен 316-шы дивизия Волоколамск түбіне шұғыл жөнелтілді.
Мұның алдында армия қолбасшысы Георгий Жуков немістерге жасақшыларды, милиционерлер мен Кремль курсанттарын қарсы қойған еді. Қолбасшы Константин Рокоссовский қоршаудан шыққандар мен айып батальонындағылардың басын құрап, тағы бір құрылым жасады. Ал Панфиловтың дивизиясы алдыңғы шепке 14 қазанда келіп жетті. Енді қаланы жаудан қорғау міндеті осы әскери күшке жүктелді. Панфиловшылар ұрысқа алғаш рет 16 қазанда кірді. Олар немістердің танктер тобы мен үш атқыштар дивизиясына қарсы шықты. Әдетте дивизияның қорғаныста қамтитын аумағы 8-12 шақырым болса, 316-шы құрылым 60 күн бойы 41-44 шақырымға созылған атырапты ұстап тұрды.
Бұл ұрыстардың барысында Панфилов аз күшпен тиімді қорғана білудің тактикасын ойлап тапты. Ол соғыс қимылдары кезінде жекелеген бекініс тораптары мен шабуыл желілерінің шебін ұйымдастырып отырды. Мұның мәні мынада еді. Шайқасты жүргізетін жауынгерлер окоптар қазып алып, шабуыл аяқталғанша қорғанысты ұстайды. Ал қараңғы түскеннен кейін жасырын артқа қарай кетіп, 1-3 шақырымдық қашық жерге жайғасады. Олар барған жерлерінде траншея қазып, орналасып алғанша жаумен Бауыржан Момышұлының батальоны шайқаса тұрады. Міне, тап осы кезде кейіннен «Момышұлы серіппесі» деген атау алатын термин бірінші рет қолданысқа енгізілді. Әділдігін айтқанда, бұл шын мәнінде генералдың теориялық ой-толғанысынан туған тактика еді. Батырдың өзі оның анықтамасын былайша түсіндірді. «Мен оны Мәскеу түбіндегі қорғаныс кезіндегі ұрыстарымыздың бәріне шайқас барысында дұшпанның жолын кесіп өтіп, соның жағына шығып, соңымыздан ондаған шақырымға дейін оларды ертіп әкеліп, сосын қайтадан кері соққы беріп барып, тағы да ілгері жылжып кетіп қалу тән болғандықтан, серіппе деп атадым. Осындай маневрлермен жаудың күшін жан-жаққа ыдыратып жіберіп, біздің бөлімдеріміз қайтадан негізгі күшке қосылатын еді. Бұл шын мағынасында дұшпанды біраз діңкелете тұрып, уақыттан ұтуға мүмкіндік беретін айла болатын», – деді ол арада көптеген жылдар өткен соң.
Аға лейтенант Бауыржан Момышұлы өзінің әлі оқ-дәрі түтінін иіскеп көрмеген сарбаздарының бір бөлігін дивизия жаппай ұрысқа қосылатын күннен сәл бұрын, 15 қазанның түнінде өзгеше жауынгерлік сынақтап өткізіп көрді. Жауынгерлік рухтарын көтеру үшін әр бөлімшеден екі солдаттан алып, ұзын саны жүзге жеткен сарбаздарды соңына ертіп алған ол түн жамылып, Середа деревнясының сыртқы жағына келеді. Сол жерде алдағы ұрыс қимылдарының жоспарын түзіп, гитлершілдердің осында орналасқан үш жүз адамдық гарнизонына шабуыл жасайды. Кескілескен шайқас екі сағатқа созылды. Осылай тұтқиылдан соғып, жауды біраз күйретіп қайтқан жас жауынгерлер бір түннің ішінде теңдессіз тәжірибе алды. Дивизия 15, 16, 17 күндері тарихта астананы қорғаудағы ерлікке толы шайқасты сәттердің парақтарын қалдырды. Осы үш күннің ішінде Мәскеуге басып кіруге тиіс болған неміс-фашист әскерлері орта жолдан тоқтатылды. Мұнда құрбандыққа шалыну үшін жіберілген дивизия қорғаныс соғыстары барысында қаншама қатты соққы алғанымен, діңін сақтап, аман қалды. Сол күндерде комбат Бауыржан Момышұлы өзін «шайқас алаңынан шығып кету және шегіну» секілді ауыр ұрыс қимылдарының бірін ұйымдастыру мен жүргізудің үлкен шебері ретінде танытты. Мұны ол ылғи адам күші мен қаруы саны әлдеқайда көп жаумен айқаста тиімді қолданып, тұйықтан жақсы шығып кетіп жүрді.
Қазір қолда бар құжаттардың бірі Момышұлы батальонының Панфилов дивизиясында ұдайы арьергард ретінде пайдаланылып, керекті кезінде негізгі күштердің шегініс жасауын қамтамасыз етіп отырғанын айғақтап көрсетеді. Өзінен күші басым дұшпан әскерлерімен жүргізілген сол ауыр шайқастардың бәрінде де батальон алдына қойылған міндетті абыроймен орындап қана қоймай, сонымен бірге жауынгерлік қабілетін сақтап қалды. Бұған 8-ші гвардиялық панфиловшылар дивизиясының командирі, полковник Борис Серебряковтың сол кездегі әскери баянатында жазған: «Қоршау жағдайында арнайы тапсырмаларды орындау үшін дивизиядан 5 рет жаудың тылында бөлініп қалған Б.Момышұлы адам күші мен техниканы сақтай отырып, өз батальоны мен бекітіліп берілген бөлімшелерді шеберлікпен алып шыға білді», – деген жолдары толық айғақ болады. Ал армия генералы Иван Чистяков өзінің «Служим Отчизне» деген кітабында Панфиловтың айрықша ерлігі мен шыңдалғандығы үшін Бауыржан Момышұлын бағалай білгенін атап өтеді. Мәскеу түбінде оның қоршауда қалып қойған батальоны бірнеше күн полктан еш хабар ала алмай, өзінен күші басым жаумен қайтпай шайқасады. Екі тәулік кескілескен ұрыс жүргізген гвардияшылар 400-ден астам фашистің көзін жойып, олардың Волоколам тас жолы бойындағы қозғалысын тоқтатып тастайды. Ақыры орман алқаптары мен жазық далаларда әртүрлі маневрлер жасау арқылы қоршау шеңберін бұзып өтіп, өзінің полкына келіп қосылады. Осыдан кейін Панфилов Момышұлының батальонын өзінің жанында ұдайы резерв ретінде ұстап, ең қиын жағдайларда ұрыс қимылдарына қосып тұруға шешім қабылдайды.
Мәскеу түбіндегі шайқастарда 8-ші гвардиялық дивизиямен талай рет бетпе-бет келіп, ылғи жеңіліс табумен болған немістің 4-ші танк тобын басқарушы генерал-полковник Эрих Гепнер өзінің кезекті бір баянатында оны «ұрысты жүргізудің барлық жарғылары мен ережелерін бұзып соғысатын, солдаттары тұтқынға түсе қоймайтын, өз істеріне шектен тыс берілген және өлімнен қорықпайтын жабайы дивизия», – деп атапты. Осы жорықтың ен ортасында жүрген Бауыржан Момышұлы 1941 жылдың қараша айында полкті басқаруды қолға алады. Ол полкті басқарып тұрған кезінде Демьян қаласының түбінде өз әскерлерін 20 топқа бөліп орналастырады. Сөйтіп, немістердің осында алты деревняға бөлініп орналасқан «Өлі бас» деген тұтас бір дивизиясына түн ішінде бірнеше бағыттан кезекпе-кезек соққы беруге кіріседі. Баукеңнің топтары жау жағы қорғаныс шебін құрып бола бергенінде дереу басқа жаққа кетіп қалып, келесі қапталдан атысты бастап кетіп тұрады. Көшпелілер тәсілімен әр қиырдан бір беріп тұрған соққы фашистерді әбден састырады. Олар өздеріне тұтас дивизияның шабуыл жасап жатқанына еш күмән келтірмейді. Негізінде сол сәтте Момышұлы сарбаздарының саны небәрі 157 адам ғана еді. Олар осындай жойқын соғыстың арқасында 1200 жау солдатын жер жастандырады.
Осыған ұқсас ұрыс қимылдары жазушы Александр Бектің 1942-1944 жылдары жазылған «Волоколамское шоссе» (қазақшасы – «Арпалыс») атты романында жан-жақты суреттеледі. Кітап жарыққа шыққан бойда қалың оқырманның сүйікті туындыларының біріне айналды. Сондығынан болар, шығарма аз уақытта бірнеше тілге аударылып үлгерді. Романды, әсіресе, әскери адамдар сүйсіне оқып, өздеріне керекті оқулық ретінде қабылдады. Мысалы, 1946 жылы белгілі тәржімашы Шломо Эвен-Шошан кітапты иврит тіліне аударып берді. Мәскеу түбіндегі қала жолын білмейтін иврит тілді қауымға кітап аты оншалықты түсінікті бола қоймаған соң, аудармашы оны «Панфиловшылар» деген атпен дайындап, сол кезде әлі Палестинаның мандатында тұрған Тель-Авивте басып шығарды. Осы күндері Палмахтағы еврей ишувы астыртын қарулы күштері роталары бірінің командирі Бени Маршак кітапта көтерілген проблемалар өздеріне де тән екенін пайымдап, қарауындағы жауынгерлерге түгел таратып берді. Көп ұзамай «Панфиловшылар» Палмах офицерлерінің үстел кітабына айналды. Ал Израиль мемлекеті мен оның қорғаныс армиясы құрылғаннан кейін Бауыржан Момышұлының соғыс тактикасы туралы сыр шертетін хикаят курсанттар міндетті түрде оқитын санаулы оқулықтардың қатарынан орын алады.
Өткен жылғы шілде айында Ресей президенті Владимир Путин Кремльде өткізген нацизм құрбандары мен қарсылық қозғалысы қаһармандарын еске түсіруге арналған кездесуде ерекше есте қалатын бір оқиға орын алды. Онда қатысушылар алдында сөз сөйлеген Израиль тарихшысы Арон Шнеер жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудегі әдебиеттің рөліне тоқтала келіп, «Волоколам тас жолының» жас Израиль мемлекетін құруда ұшан-теңіз көмегі болғанын айтып өтті. «Бұл кітап сол кезде Израиль армиясының әрбір офицеріне қарумен бірге тапсырылып отырды, – деді ол. – Бұл біз үшін жай оқу құралы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, іс-әрекетте басшылыққа алатын нұсқаулық ретінде де кеңінен қолданысқа енгізілді». Оның айтуынша, Израиль армиясы бас штабының бастығы болатын генерал Мота Гур өзінің естелігінде рота командирі болып тұрған кезінде өз жауынгерлерімен арада болған оқиғаны баяндап береді. Ол өзінің солдаттарына кітаптағы комбат Бауыржан Момышұлының қорқақтық көрсеткен жауынгерге қарата айтқан сөзімен тіл қатады. Хикаяттың осы эпизодын тауып алып, оқып шыққан рота командирі сөзінің соңын: «Сен тек өз позициямды ғана тастап кеттім деп тұрсың ба? Жоқ, сен Мәскеуді жауға беріп кеттің», – деп бітіреді. «Мен содан кейін әскери тағзым еттім де, бұрылып, кетіп қалдым, – деп еске алады генерал. – Бірақ солдаттарымның мен айтқан сөздің мағынасын толық түсінгендеріне титтей де шүбәланған жоқпын». Ал «Волоколам тас жолы» әлі күнге дейін Израиль қорғаныс армиясы офицерлерінің міндетті түрде оқып шығуға тиісті кітабы болып келеді екен.
Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлының соғыс өнері тактикасынан тәлім алатын ел жалғыз Израиль ғана емес. 1963 жылы Мәскеуге Кубаның басшысы Фидель Кастро мемлекеттік сапармен келді. Сонда оған: «Сіз үшін Екінші дүниежүзілік соғыстың басты қаһарманы кім?» деген сұрақ қойылғанда, жұлып алғандай етіп бірден: «Александр Бектің «Волоколам тас жолы» кітабының кейіпкері, қазақ Бауыржан Момышұлы», – деп жауап береді. Сол жылы Баукең қорғаныс министрі Рауль Кастроның арнайы шақыруымен Кубаға барып, офицерлер алдында әскери дайындық жөнінде дәріс оқыды. Сол жолы Баукең Фидель Кастроның қызметтен қолы қалт еткенде «Волокалам тас жолы» кітабын оқып отырған «Гранма» газетіндегі суретін елге алып келді.
Осының бәрін біліп, сезіну бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі ұрпақтарын керемет мақтаныш сезіміне бөлейді.
Серік ПІРНАЗАР