Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Қазақстанда «Ұлттық батыр» атағын тағайындап, оны атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлына берсе жөн болар еді деп ойлаймын.
Француздар Жанна д Арктен кейін Шарль де Голлді «Француздың ұлттық батыры» деп ресми таныды. Дәл сол секілді Бауыржан Момышұлы – біздің ұлтымыздың символы! Орысша айтсақ, «Совесть нации!» Осы атаудың бәріне бір өзі лайық. («Ұлттың ұяты» деп ол кісіден басқа тек Герольд Бельгерді атауға болады…)
Енді «Негізде, дәлелде десеңіздер», міне:
1.Жүректің ғана емес, ақылдың да теңдессіз батыры – соғыс кезінде 5 рет қоршаудан батальонын аман алып шығып қана қоймай, оның құрамын көбейтіп алып шығып отырған жалғыз командир.
2.Ұлттық мүддені әрқашан ту етіп биік ұстаған, өз мүддесінен жоғары қойып отырған. Тым ұлтшыл болмаса тез-ақ көтеріліп кететінін көріп отырса да, одан таймаған.
3.Ұлттық мәселеде ешқашан пендешілік деңгейге түспеген. Түскендерді кім болса да кешірмеген. 1970 жылы, 9 мамырда, Жеңістің 25 жылдығының құрметіне өтіп жатқан Әскери парадқа шақырылмаған соң өзі барып, Д.Қонаев пен Б.Әшімовтің арасына таяғын тығып, екеуін екі жаққа қарай итеріп-итеріп жіберіп, ортасына тұрып алып, Парадты өзі қабылдаған.
4.Адамгершілік тұрғыдан әрқашан биіктен көрінген. Аға сұлтан Есеней секілді «Құдайдың менің алдымда болмаса, менің Құдай алдында күнәм жоқ» деп айта алатындай хақысы болған адам.
5.Жазушылығы жағынан да теңдессіз «Ұшқан ұяны» қалдырса, «Аңыз бен ақиқаттың» бейресми соавторы болған.
Енді өздеріңіз ойлаңыздаршы, бұл атақты алған азаматтармен – батыр болсын, әнші болсын, совхоз директоры болсын, бәрі де лайық жандар – қалай Баукеңді бір деңгейге қоюға болады, обал емес пе?! Алла-Тағалаға Баукеңді бергені үшін сансыз алғыс айтайық-тағы, өзіміз әлемде санаулы дара тұлғаның қадырына жете білейік те!
(Өзбектерде Бауыржан болғанда, олар бұндай ұсынысқа сол сәтте іске асырар еді деп ойлаймын. Себебі, онсыз да олар «Құдай дарынды қазаққа берген, қадырын бізге берген…» деп, әския айтады бізге)
P.S. Болашақта «Ұлттық батыр» деген атаққа ұсыну үшін ұрпағымыз мың ойланып, сан толғанып барып қимылдар. Баукеңнің аруағы ойландырмай қоймайды..
Мен бұл ұсынысты қазақ деп жүрегі соққан кез келген азамат қолдайтын шығар деп ойлаймын.
Дәл қазіргі ел үшін алмағайып болып жатқан заманда бұл атақ ең алдымен біздің өзімізге керек. Баукең үшін мұның енді керегі жоқ. Ол онсыз да атағы аспандап, әлемге тарап кеткен адам. Куба мен Израиль әскерилері әлі күнге дейін оны теңдессіз қолбасшы санап, зор құрмет тұтады.
Соған лайық атақты енді оған біз беруіміз керек.
Өмірзақ АҚЖІГІТ,
тәуелсіз журналист
Жақсы екен ойлары. Бірақ «ұлттық батыр» деген не былжырақ? Мұның қазақшасы «ұлт батыры» ғой! Қашан осы -тық, тік, -лық, -лік, -дық, -дік деген жалғауларды тықпалай береміз? Орыс болып кеттік пе? Мен «Ұлттық батырға» қарсымын. Қазақта ондай сөз жоқ! Ұлт батыры болса, жөні бөлек.