Прагада власовшыларға ескерткіш орнатылды
ПРАГА. 1 мамыр. Чехияның астанасы – Прага қаласында Орыс азат ету армиясының (РОА) жауынгерлерін еске түсіруге арналған тақта орнатылды. Бұл туралы ТАСС хабарлайды.
Агенттіктің мәліметінше, құны 200 мың крон (8 мың доллар) тұратын мемориал бейсенбі, 30 сәуір күні қаланың «Прага-Ржепорые» деген ауданында ашылған. Оның ашылу салтанатына староста Павел Новотный бастаған аудандық муниципалитет басшылары қатысқан.
Мемориалды тақтаға Александр Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» туындысынан «Сонда чехтардың бәрі бірдей орыстардың қандай қалаларын құтқарып қалғанын түсіне қойды ма екен?» деген дәйектеме ойылып жазылыпты. Сондай-ақ Прагада 1945 жылғы 5-8 мамыр күндері орын алған антигитлерлік көтеріліс жайлы түсіндірме жазба жазылып, онда көтерілісшілер жағында соғысқан 300 власовшы жайлы ақпар беріледі.
Сонымен бірге мәтінде РОА солдатының соғыстағы алмағайып рөлі туралы да атап өтіледі.
Билік басындағы сталинистер Ресей тарихындағы кейбір мәселелердің даулы тұстарын зерттеуге мүмкіндік бермейді.
Бұдан бұрын Ресей Сыртқы істер министрлігі Праганың власовшыларға ескерткіш орнату жоспары жайлы түсіндірме бере келіп, мұның осы қаланы азат ету жолында қаза тапқан Қызыл армия жауынгерлерінің ерлік істерін табанға таптау болып табылатынын мәлімдеген еді.
Андрей Власов – 1942 жылы немістерге тұтқынға түсіп қалғаннан кейін нацистермен келісімге келіп, РОА-ның басшысы болған кеңес қолбасшысы, генерал. Бұл – тұтқынға түскен кеңес әскерлері мен эмигранттардан құралған әскери ұйым. 1945 жылы мамырда бұл армияның бір дивизиясы Праганы неміс гарнизонынан азат еткен болатын. Алайда, кеңес өкіметі оны мемлекетке сатқындық жасады деген ұйғарыммен кешірмеді. Әскери атағы мен наградаларынан айрылған Власов 1946 жылғы 1 тамызда Бутыр түрмесінің ішкі ауласында дарға асу жолымен өлтірілді.