Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Қордай оқиғасы: Қарт кісіні ұрған әке мен бала сотталды

АЛМАТЫ. 30 сәуір. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке себеп болған қарт кісіні таяққа жығып, денсаулығына залал келтірді деп айыпталған әкелі-балалы екеуге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.

Сотта 27 жастағы Марат Юнхуға бұзақылық жасап, адам денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді, оның 60 жастағы әкесі Эрсман Юнхуға бұзақылық жасады деген айып тағылды. Әкелі-балалы бұзақыдан зәбір көрген Құдашбаевтар отбасы сотта зардап шегуші деп танылды. Сот залында жарияланған үкімде осылай айтылды.

Жанжал 5 ақпанда «Сортөбе» ауылында болған. Тергеу келтірген мәліметке сүйенсек, кіші Юнху жол бойында тұрып, ағасы жүк көлігімен ауласынан шығуы үшін көліктерді тоқтатқан.

Осы кезде 78 жастағы Төлеген Құдашбаев офтальмологқа қаралу үшін ұлының көлігіне мініп, ауданға бет алып бара жатқан. Олар жолға тұрып алған кіші Юнхудан жөн сұрағанда, ол дөрекі жауап берген. Бұған шыдамаған көлік ішіндегілер сыртқа шығып, оған тап берген. Осылай төбелес басталған. Ұлдарына араша түсу үшін қария да көлігінен түскен. Сол уақта қария ішіне сілтеген аяқтан жолдың жиегіне домалай құлап, жамбасын сындырып алған.

Сот 24 сәуір күні сотталушы Марат Юнхуды кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтеуге кесті. Ал оның әкесі Эрсман Юнху болған оқиғаға кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Бұдан бөлек, сот әке мен баладан 3 миллион теңгеден астам моральдық шығын өндіруді, сондай-ақ сот шығындарын төлеуді міндеттеді.

Ішкі істер министрлігі екі отбасы арасындағы жолда өрбіген жанжалды Қордайдағы жаппай тәртіпсіздікке себеп болды деп есептейді.

7 ақпан күні сағат 19.00 шамасында Қордай ауданына қарасты ауылдың шетіне 70-ке жуық агрессивті жас жиналды. Жаппай төбелеске жалпы саны 300-ге жуық адам қатысты. Соның салдарынан 185 азамат жарақат алды, оның 34-і ауруханаға жеткізілді, 11 адам қайтыс болды. Сонымен қатар үйлер, коммерциялық нысандар мен көліктер өртенді.

Кейіннен осы оқиғаға байланысты Жамбыл облысының бас полиция қызметкері, Қордай ауданының әкімі және Жамбыл облысының әкімі мен оның орынбасары қызметтен босатылды.

Наурыз айының соңында тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқандарды ұстау үшін арнайы операция жүргізіліп, 25 адам ұсталды, олардың жетеуі бұрын сотты болғандар екен. Олар Алматыға әкелініп, екі айға қамауға алынды.

Бір күн бұрын, 29 сәуірде осы іске қатысты ұсталғандардың бірі – Бекбол Қибаевтың тергеу оқшаулағышында көз жұмғаны белгілі болды. Оны камераласы қол жуғыштың жанынан сол қолының білегі кесіліп, қансырап жатқан жерінен тапқан. Алдын ала болжам бойынша, ол көп қан жоғалтқандықтан қайтыс болған.

Бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі қолға алынды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button