Басты баған

Жақсылық деген атымнан не қасиет қалды? – Үшкемпіров

Президентке жазылған ашық хатқа менің атымды қосып қойыпты

Айналайын, ағайын!

Мына бір сөзіме құлақ асқандарыңыз жөн. Мен ардагер спортшымын. Мені қазақ халқы Олимпиада чемпионы деп құрметтейді. Халықтың осындай құрметіне бөлену үшін мен талай жыл боз кілемде тер төктім. Сан мәрте жарақат алып, қиналған күндерім көп болды. Бірақ мен оған мойымадым. Аяқтан шалып, қыспаққа алған кездерді де бастан өткердім. Осындай қиыншылықта жүріп, мен елімнің атын шығардым. Міне, менің бар ерлігім осы. Үлкен спорттан кейін мен мал шаруашылығымен айналысып келемін. Еліме қандай да болса, бір пайдам тисін деген жалғыз ойым. Кәсіп ашып, елге жұмыс беру, сол табыстың бір бөлігін халыққа бөліп беру. Ауылды жерге қандай қолдау білдіріп отырғынымды, оны өздеріңіз де білесіздер.

Мен істегенімді айтайын деп отырғаным жоқ. Мені толғандыратын бір мәселе. Менің атымды жамылып, мен білмейтін іске араластыру. Саясатқа мені араластырып, Президентке ашық хат жазғандардың тізіміне аты-жөнімді қосып қойыпты. Менің бұл іске мүлде қатысым жоқ. Бұл ашық хат ұйымдастырғандарды мүлде танымаймын. Менің рұқсатымсыз сыртымнан қосып жіберу нағыз арандатушылық. Егер қаттырақ айтар болсам, бұл нағыз қылмысқа жатады.

Айналайын ағайын, мен мына иентернет деген жүйені толық түсінбейтін адаммын. Мен жастайымнан газет оқып өскен жанның бірімін. Әлі күнге дейін қолымнан газет түскен емес. Ал мына «Фейсбук» деген желіге Хали Бекет деген азамат жариялапты. Бұл сол хаттың авторы ма? Оны да анық түсіне алмадым. Мұны мен балаларымнан білдім. Бұл хатты дайындаған кім? Неге менен рұқсат сұрамайды? Әр іске менің атымды жапсыра беретін болсаңыздар, менің Жақсылық деген атымнан не қасиет қалды?! Саясатпен мүлде араласпайтын адамды апарып, ашық хаттың түбіне тіркей салғандарың дұрыс деп санамаймын. Менің өз ұстанымым, өзіндік кәсібім бар. Оның сыртында спортта жүрген іні-қарындастарыма ақыл кеңесімді айтып, батамды беріп жүремін. Қиналып жатқан жері болса, қол ұшымды созып, болысып жүремін. Міне, менің кәсібім. Қартайған шағымда ақсақалдық қасиетімнен айырылғым келмейді. Менің өтінішім, мұндай іске мені араластырмаңыздар, сыртымнан тоң пішіп, босқа арам тер болмағандарыңыз абзал. Ең бастысы менің арым таза, ешкімнің алдында арызданып барған емеспін. Сондықтан, бұл іске мені қоспағандарыңыз жөн. Қайталап айтамын, мұндай істің қайталанбауын өтінемін!

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ

Қазақстанның Еңбек Ері, классикалық (грек-рим) күрестен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы

abai.kz 20 сәуір 2020

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button