АЛМАТЫ. 4 қыркүйек. Бүгін Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды шаһар аумағын аралап, Масанчи және Зенков көшелерінде атқарылып жатқан жұмыстардың жайымен танысты. Бұл туралы Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Дуанбасы алдымен Масанчи көшесінің Сәтбаев көшесінен Абай даңғылына дейінгі бөлігінде жасалып жатқан заманауи қалалық кеңістіктің ауқымын барып көрді. Мұнда жартылай жүргінші аймағы жасалып, тротуарлар кеңейтіледі, көгалдандыру жүргізіледі, веложол және қоғамдық тамақтану орындарына арналған жазғы алаң жасақталатын болады. Сондай-ақ бұл маңайда бірқатар ғимараттардың қасбеті жаңартылып жатыр.
Келесі кезекте Дархан Сатыбалды «Көкбазар» маңындағы Зенков көшесінде қолға алынған кешенді көркейту жұмыстарымен танысты. Көше жартылай жүргіншілер аймағына айналып, ғимараттардың қасбеті мен іргелес аумақтар жаңартылады. Бұдан бөлек, жаңа қоғамдық тамақтану орындары ашылады.
Аталған көшелердегі жұмыстармен толық танысып шыққан Дархан Амангелдіұлы олардың барынша сапалы орындалуын және белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Екі көшедегі негізгі жұмысты қыркүйек айында аяқтау жоспарланған», – делінген хабарламада.

USD



