ТАРАЗ. 5 маусым. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапары шеңберінде Жамбыл облысындағы бірқатар медициналық нысандардың жұмысымен танысып, өңірдің медицина қауымдастығымен кеңес өткізді. Бұл туралы Jambylinfo.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Министр алдымен медициналық бұйымдар шығаратын «Амир и Д» ЖШС кәсіпорнына барып, өндірістік қуаттарымен және өнім ассортиментін көрді.
Бұдан әрі «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы» ЖШС-на аялдап, бейінді бөлімшелердің жұмысын, диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын, сондай-ақ жоғары технологиялық медициналық көмекті және трансплантологияны дамыту мәселелерін талқылауға қатысты.
Сапардың алғашқы күніндегі негізгі іс-шара Жамбыл облысының медицина қауымдастығымен кеңес өткізуге бағытталды. Онда медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, кадрмен қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, онкологиялық қызметті дамыту, цифрландыру және МӘМС жүйесінің жұмыс істеуі мәселелері сөз болды.
Кеңесті ашқан Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанда 813 денсаулық сақтау нысаны салынды, оның 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылды. 200-ден астам нысан бұрын медициналық көмек болмаған елді мекендерде ашылды. Бұл ауыл тұрғындарының шамамен бір миллион адамын тұрғылықты жерінде медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік берді», – деді министр.
Жамбыл облысында ұлттық жобаның шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша жоспарланған 30 нысанның барлығының құрылысы аяқталды.
Министр өңірдегі бірқатар жүйелік мәселелерге де назар аударды. Өңірде жалпы өлім, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім және нәресте өлімі көрсеткіштері оң динамика көрсетіп отырғанына қарамастан, ана өлімі көрсеткіші өсіп отырғаны сырға алынды. 2026 жылдың 4 айында өңірде ана өлімі бойынша 3 жағдай тіркелген. Қазіргі уақытта екі жағдай бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілуде.
«Ана өліміне қатысты әрбір жағдай жан-жақты талдауды және жүйелі шешімдерді талап етеді. Жүкті әйелдерді бағыттау, кадрлық қамтамасыз ету және бақылау мәселелеріне формалды түрде қарамай, пациенттерді барлық кезеңдерде толық сүйемелдейтін жүйе құру қажет», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр алғашқы буын деңгейінде онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмысын күшейтуді, диагностикалау мен қосымша тексерулер сапасын арттыруды, сондай-ақ вакцинациялау мен туберкулездің алдын алу бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жандандыруды тапсырды.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі таңда аймақта телемедицинаны дамыту, вакциналарды сақтау үшін «суық тізбекті» цифрлық мониторингтеу, сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары үшін смарт-бейнежетондар мен интеллектуалды бейнебақылау жүйелерін жетілдіруге мән беріліп жатыр.
Министр медициналық көмектің ішкі сапасын бақылауды күшейту, клиникалық стандарттарды сақтау, медициналық ұйым басшыларының жауапкершілігін арттыру және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету қажеттігін атап өтті.
Кеңестің жеке блогы ретінде Жамбыл облысы тұрғындарын дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Осы бағыт бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков баяндама жасады. Бірыңғай дистрибьютор басшысы өңірдегі дәрілік қамтамасыз ету саласындағы қазіргі жағдай, компания қызметінің негізгі нәтижелері және 2026–2027 жылдарға арналған жүйені дамыту перспективалары туралы ақпарат ұсынды. Оның айтуынша, 2027 жылға арналған амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберіндегі Жамбыл облысының қажеттілігі өткен жылмен салыстырғанда 30%-га аса арткан. Өсім дәрілік препараттар тізбесінің кеңеюіне және тыныс алу органдары, ас қорыту жүйесі, қан айналымы жүйесі, эндокриндік және тірек-қимыл жүйесі аурулары бойынша ем алатын пациенттер санының ұлғаюына байланысты.
Сонымен қатар шығындарды оңтайландыру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, жүйке жүйесі аурулары бойынша бірқатар препараттарды стационарлық деңгейге ауыстыру және кейбір позицияларды Бірыңғай дистрибьютор тізбесінен шығару есебінен шығындар 0,62 млрд теңгеге төмендеді.
«Жамбыл облысына дәрілік заттарды жеткізудің логистикалық жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр. Дәрілік заттар Шымкент қаласындағы тарату орталығы арқылы өңірдің операциялық қоймасына транзиттік тәртіппен жеткізіліп, кейін медициналық ұйымдарға бөлінеді. Облыс бойынша жеткізу жоспары 11,8 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі күні нақты орындалуы 11,4 млрд теңгеге жетіп, жоспардың 97%-ын құрады.
Стационарлық сегментте 71 медициналық ұйым қамтылған. Жөнелтілген өнім көлемі 4,4 млрд теңгені құрап, жоспардың 94%-ына сәйкес келеді. Амбулаториялық сегментте 31 медициналық ұйым қамтылып, жеткізу деңгейі 97%-ға немесе 7,04 млрд теңгеге жетті.
Дәрілік заттарды операциялық қоймаларға жеткізу жоспарланған кезеңнен бір ай бұрын жүзеге асырылатынын ерекше атап өткім келеді. Бұл медициналық ұйымдарды үздіксіз қамтамасыз етуге және дәрілік заттар тапшылығы тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», – деді Нұрлыбек Асылбеков.
Жұмыс сапарының екінші күнінде министрдің бірқатар медициналық нысандарды аралауы, денсаулық сақтау саласының ардагерлерімен және Байзақ ауданы тұрғындарымен кездесуі, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдауы жоспарланған.
USD




