БЕРЛИН. 29 сәуір. Берлинде Ресейдің пайдасына тыңшылық етіп, диверсиялық әрекеттер жасауға дайындалып жүрген Қазақстан азаматы қолға түсті. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Германия федералды прокуратурасы Қазақстанның Сергей К. ныспылы ұлты орыс азаматы Ресейдің пайдасына жансыздық жасап жүр деген күдікпен қамауға алынғанын паш етті. Ол сонымен бірге алман жерінде диверсиялық әрекеттер жасау жөніндегі арнайы тапсырманы орындауға кірісіп кетсе керек.
Ведомоствоның мәліметі бойынша, тыңшы тым беріде деп алғанда да, 2025 жылдың мамыр айынан бері РФ-ға Германияның Украинаға әскери қолдау көрсетуі мен неміс қорғаныс өнеркәсібі турасында бірнеше рет барлау материалдарын ұсынған. Оны алман аумағындағы ұшқышсыз ұшақтар мен роботтар жасау компаниялары айрықша қызықтырған.
Қолға түскен құрқылтай бұдан бөлек, өзінің Мәскеудегі кураторына Берлиндегі қоғамдық ғимараттар мен автомагистральдағы әскери техникалар колоннасын түсірген суреттерін жіберген. Бұған қоса, ол НАТО елдері бірінің жасауылына қатысты да суреттер жиынтығын аттандырған. «Ол сондай-ақ өзімен байланыстағы қызметкерге Германияда диверсиялық-тыңшылық топтардың әрекет етулері үшін қажетті қосымша персоналдарды тарту жөнінде де ақпар дайындаған», – деді прокуратурадағылар.
Германия қылмыстық істер полициясы тағы бір күдіктінің жүрген жерлеріне тінту жұмыстарын жүргізді.
Der Spiegel мәтбұғатының алман қауіпсіздік қызметіндегі мәнбелері Сергей К. деген құзғын азамат «Мәскеудің кез келген қалауын орындауға дайын» болғанын атап көрсетті, соның ішінде оның өз кураторына жолдаған ақпарларының «басым бөлігі» ашық қолжетімді деректер көзінен алынған болып шықты.
Тыңшылықпен ұсталып, судан шыққан суырдай сүмірейіп тұрған Сергейдің жасы 47-де екен. «Азаттық» радиосы күштік құрылымдардағы мәнбелеріне сүйеніп жазып отырғандай, ол бұрын Ресей армиясы сапында Украинаның Донецк облысы жеріндегі соғысқа қатысыпты, содан кейін шпиондықтың тізгінін ұстап, Германия тарапына келген.
USD




