Аятолласы қаза тапқан Иранды үштік кеңес уақытша басқарады

ТЕГЕРАН. 1 наурыз. Иранның жоғары көсемі, аятолла Әли Хамени қаза тапқаннан кейін мемлекетін үш кісіден тұратын кеңестің уақытша басқаратыны белгілі болды. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи АҚШ пен Израильдің әуе шабуылдары кезінде оққа ұшты. Енді оның орнына мұрагер сайланғанға дейін елді уақытша кеңес басқарады», – делінген хабарламада.
Иранның мемлекеттік БАҚ-тары 1 наурыз күні хабарлағандай, үш мүшелік уақытша кеңесті президент Масуд Пезешкиан, сот жүйесінің басшысы Голамхоссейн Мохсени Айе және Қамқоршылар кеңесінің мүшесі құрайды.

Осы үштік 88 ықпалды діни қызметкерден тұратын Сарапшылар ассамблеясы мұрагер тағайындағанға дейін аятолла Әли Хаменеидің міндеттерін атқаратын болады. Иран заңы бойынша, Сарапшылар ассамблеясы жаңа Жоғарғы көсемді мүмкіндігінше тезірек сайлауы керек. Алайда Хаменеидің мұрагері кім болуы мүмкін екені әлі белгісіз.
«Иранның жоғарғы көсемі аятолла Хаменеи 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің ірі әуе шабуылдарында қаза тапты», деп растады Иранның мемлекеттік теледидары. Оның қайтыс болуынан кейін Иран билігі 40 күндік ұлттық аза тұту жариялап, тұрғындарға жеті күн демалыс берді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Америка-Израиль шабуылдарына қарсы кек қайтаратын болса, Иранға «бұрын-соңды болмаған күшпен» соққы берілетінін ескертті. «Олардың соққы бермегені жөн, өйткені егер олар соққы берсе, біз оларға әлем бұрын-соңды көрмеген күшпен соққы береміз!» деп жазды Трамп Truth Social платформасында.
Иран қазірдің өзінде кек қайтару шабуылдарын жасап жатыр, хабарларға қарағанда, БАӘ астанасы Абу-Дабиді қоса алғанда, Парсы шығанағындағы бірқатар нысандарға және аймақтағы АҚШ әскери базаларына бірнеше соққы берілген. Трамп бомбалау «қажет болғанша жалғасады» деп мәлімдеп, Хаменеидің өлімі ирандықтарға қазіргі режимнен билікті тартып алуға «ең үлкен мүмкіндік» беретінін қосты.
Иранның соңғы шахының ұлы және Иранның қуғын-сүргіндегі оппозициясының ең көрнекті тұлғаларының бірі Реза Пехлеви ел басшылығына деген талабын қайталады. Ол 1 наурызда The Washington Post (WP) газетінде жарияланған мақаласында: «Көптеген ирандықтар, көбінесе от астында өмірлерін қатерге тігетіндіктен, мені осы ауысудан кейін мемлекет тізгінін қолға алуға шақырды. Мен олардың батылдығына бас иемін және олардың шақыруын қабылдадым», – деп жазды.
Ол алға жылжу жолы ашық болатынын, мұның референдум арқылы қабылданған жаңа конституцияның, содан кейін халықаралық бақылаумен өтетін еркін сайлау арқылы жүргізілетінін баяндады.
Енді Иранды 1989 жылдың 4 маусымнынан бері жоғары діни басшы ретінде басқарып келген Әли Хаменеидің жайына келейі. Ол 1939 жылы Мешхел қаласында әзербайжан отбасында сегіз баланың екіншісі болып өмірге келген. Діни басшы болғанға дейін 1981-1985 жылдары елдің президенті қызметін атқарған. Жоғары басшы бірнеше рет елдегі режимге қарсы шыққан шерушілерді аяусыз қырып жіберіп тұруымен де тарихта зұлымдық атымен қалды.
Жалпы, Хаменеи әулеті Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы – сеийдтер болып саналады. Біздіңше, сейт-қожалар. Атасы аятолла Сейед Хоссейн де Иран Әзербайжанындағы көрнекті діни қайраткер болған. Иранда қазір 15-30 млн шамасында әзербайжан ұлтының өкілдері бар. Олар негізінен Шығыс Әзербайжан (байтағы – Тебриз) және Батыс Әзербайжан (байтағы – Үрмия) провинцияларында тұрады. Сондай-ақ Тегеранда да қалың қауымы орналасқан.






