АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Министр «Қамқорлық» ерте араласу орталығы жұмысымен танысты

ҚЫЗЫЛОРДА. 19 ақпан. Сыр бойында жұмыс сапарымен жүрген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Қамқорлық» ерте араласу орталығы және жұқпалы аурулар ауруханасы жұмысымен танысты. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрімен бірге бұл шараға Парламент депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты. Мәртебелі меймандарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов бастап алып жүрді.

Мәтбұғат қызметінің мәліметінше, облыста жыл сайын шамамен 20 мың нәресте дүниеге келеді, ал 18 жасқа дейінгі балалар саны 322 мыңға жетеді. Ал балаларды оңалту қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2022 жылы «Қамқорлық» орталығы ашылды. Оған жергілікті бюджеттен 205,6 млн теңге бөлінді, ал «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қамқорлық» қорынан қаралған 103,4 млн теңгеге құрал-жабдықтар алынып, мамандар біліктілігін арттырды.

Орталық содан бергі төрт жыл ішінде 6 000-ға жуық бала оңалту қызметін алды. Қозғалу, сөйлеу дағдыларын дамытып, әлеуметтік бейімделудің маңызды кезеңдерін сәтті аяқтады. Мұнда балаларға медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі. Олардың арасында медициналық оңалту, емдік дене шынықтыру, физиотерапия, логопедиялық және дефектологиялық қолдау, сондай-ақ еңбек терапиясы бар.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы 2024 жылы кешенді күрделі жөндеуден өтіп, өткен жылдың соңында толық пайдалануға берілді. Күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге қаралды. Бүгінде жаңартылған бөлімшелер пациенттер мен медицина қызметкерлерінің жоғары бағасын алуда. Соңғы үш жылда аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 590 840 153 теңге қаржы бөлінген, 49 млн теңгеге 2 автокөлік сатып алынды.

Өткен жылы клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшесі ашылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта физиотерапиялық емдеу бөлімшесін іске қосу және медицина қызметкерлерінің шетелде біліктілігін арттыру жоспарланған.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button