Болашаққа білімімен жол салған

Ұстаздық – ұлылықтың бастауы, парасаттың өлшемі. Бұл – тағдырын тақта мен борға байлап, өмірлік мұратын шәкірт санасына сәуле шашудан іздеген жандардың жолы. Осындай өнегелі соқпақтың басында тұрған, білімі мен білігі үйлескен нағыз сегіз қырлы, бір сырлы маман Қызылорда облысы, Шиелі ауданы № 270 мектептің мұғалімі Гүлбақыт Орынбайдың еңбек жолына үңілсек, көз алдымызға заманауи қазақ интеллигенциясының шынайы бейнесі келеді.

Ұстаздың болмысынан Ақтөбе топырағының тектілігі мен Сыр өңірінің ибалылығы қатар есіп тұрғандай. Тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңінде білім айдынына қанат қаққан жас маман содан бергі уақытта бір сәтке де тоқтамай, өз саласының хас шеберіне айналды. Физика мен информатиканың күрделі заңдылықтарын нәзік жандының болмысымен ұштастырып, құрғақ формулаларды өмірлік мәнге ие құндылыққа айналдыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Ол бұл өнерді меңгеріп қана қойған жоқ, оны мектеп қабырғасындағы үлкен ғылымға ұластырды.
Алғашқы еңбек жолын техникум қабырғасында бастап, кейіннен Шиелі ауданындағы № 45 «Ақорда» мектеп-гимназиясының тыныс-тіршілігіне араласқан шағынан-ақ оның бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті мен көшбасшылық қасиеті жарқырап көрінді. Мектептегі кәсіподақ ұйымын басқару арқылы әріптестерінің мүддесін қорғап, ұжымның берекесін кіргізуі – оның көпшіл, ақкөңіл әрі принципшіл мінезінің айғағы.
«Жақсы мұғалім – мектептің айнасы» десек, ол айнаның бетіндегі нұрды шәкірттерінің жетістігінен көруге болады. Оның тәлімін алған ұл-қыздар бүгінде еліміздің ең ірі мегаполистеріндегі ғылыми конференцияларда топ жарып, халықаралық додаларда Қазақстанның байрағын биіктетіп жүр. Физиканың тылсым әлемін оқушы жүрегіне жақын еткен ұлағатты иесі мектеп ішінен ғылыми қоғамдар құрып, балалардың зерттеушілік қабілетін оятуға бар күшін салды. Оның жетекшілігімен жарық көрген жобалар тек қағаз жүзінде қалмай, республикалық «Дарын» орталығының марапаттарына ие болуы – маңдай тер мен таза еңбектің жемісі. Әсіресе, болашақтың энергиясы мен уран өнеркәсібін зерттеген ғылыми мақалалары халықаралық деңгейде мойындалып, Уфа мен басқа да ірі ғылыми орталықтардың жинақтарына енуі оның өзінің де ғалымдық әлеуетін танытты.
Кейіпкеріміз бүгінде Шиелі ауданындағы Ғ. Мұхамеджанов атындағы № 270 мектеп директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары ретінде үлкен жауапкершілікті арқалап отыр. Бейінді оқыту саласындағы реформаларды жүзеге асыруда оның біліктілігі мен іскерлігі алдыңғы орында. Ол – қағазбастылықты емес, нақты нәтижені сүйетін басшы. Әрбір мұғалімнің шығармашылық өсуіне жағдай жасап, жас мамандардың қанатын қатайтуда ол нағыз әдістемелік мектептің рөлін атқарып келеді. Оның ақыл-кеңесін тыңдап, бағыт-бағдарын алған қаншама педагог бүгінде облыстық және республикалық байқауларда озып шықты. Өзі де «Үздік бағдарлы орынбасар» атанып, бас бәйгені иеленуі – оның кәсіби менеджмент саласындағы мықтылығын паш етті.
Гүлбақыт Құлатайқызының ішкі әлемі де өте бай. Ол – жаңашылдыққа құмар, заманауи технологияларды еркін меңгерген маман. «Тиімді оқыту» мен инклюзивті білім берудің қыр-сырын зерттей отырып, ол мектептегі әрбір баланың қабілетіне сай білім алуына жағдай жасады.
Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сабақ беру үрдісіне шебер енгізу арқылы, физика пәнін оқушылар үшін ең сүйікті сабаққа айналдыра білді. Оның авторлық бағдарламалары мен әдістемелік құралдары бүгінде республика көлемінде таратылып, өзге ұстаздар үшін құнды жәдігерге айналуда. Гүлбақыт апайдың ұжымдастары ол кісіні қарапайым әрі биязы жан деп баға береді. Жүзінен жылылық, сөзінен парасат есіп тұратын бұл кісі кез келген ортада сыйлы. Оның бойындағы жауапкершілік пен ұқыптылық айналасындағыларға үлгі.
Ұлттық құндылықтарды ардақтайтын, «Мәңгілік ел» идеясын ұрпақ тәрбиесінің өзегі еткен патриот тұлғаның еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары мен облыс басшылығының марапаттары – оның ерен еңбегіне берілген әділ баға. Алайда ол үшін ең үлкен марапат – мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан шәкіртінің «Рахмет, ұстаз!» деген бір ауыз жылы сөзі. Ол – Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтан бастап, халықаралық PISA, TIMSS зерттеулеріне дейінгі жауапты істерді мектеп ішінде үйлестіруші. Әрбір түлектің тағдырына шын жанашыр бола білу – оның жүрегінің кеңдігі. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, мектептің мәртебесін көтеруге қосып келе жатқан үлесі орасан.

Апайдың өмірлік ұстанымы – үнемі қозғалыста болу, үнемі іздену. «Тоқтаған жер – өлімнің басы» деген қағидамен өмір сүретін ұстаздың алдағы асулары бұдан да биік боларына сеніміміз мол. Қорыта айтқанда, бұл аяулы жан – білім беру саласының нағыз жарық жұлдызы. Оның өнегелі ғұмыры, кәсіби шеберлігі мен адамдық биік парасаты жас ұрпаққа әрдайым бағыт-бағдар беретін темірқазық іспетті. Осындай ұлағатты ұстаздары бар елдің болашағы сенімді қолда екені даусыз. Оның еңбек жолы – еңбекпен есейген, біліммен биіктеген нағыз тұлғаның жарқын үлгісі.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы






