Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Қызылордада Әуелбековке арналған ғылыми конференция өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. 19 қараша. Қызылордада «Еркін Әуелбеков: Заманның заңғар тұлғасы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция болды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Сыр бойындағы бас қалада бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің 95 жылдығына арналған «Еркін Әуелбеков: заманның заңғар тұлғасы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция қанат жайды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат төрағасы, жауапты сала басшылары, еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғам белсенділері, сондай-ақ Еркін Әуелбековтің қарындасы Күләш Нұржанқызы қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қарымды қайраткердің Сыр өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық дамуға сіңірген еңбегіне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

«Еркін Нұржанұлы – білімділігімен, халықшыл мінезімен, биік парасатымен ел дамуына зор үлесін қосқан заңғар тұлға. Ұлтымыздың талантты перзентінің есімі Сыр жұртшылығының есінде табандылығымен, адалдығымен, іскерлігімен сақталды», – деді облыс басшысы.

Иә, еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысындағы МТС-тің бас агрономдығынан бастап, Қазақстан Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі болған толымды тұлға соңында өзінің айрықша жарқын іздерін қалдырды. Ол көзінің тірісінде-ақ ел ішінде нағыз аңыз адамға айналды. Кезінде еліміздің үш өңірін – Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын басқарды. 1985 жылдың 22 қаңтарында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, Сыр бойының өсіп-өркендеуі жолында 5 жылға жуық еңбек етті.

«Қазір сол кезең туралы терең білетін, Еркін Нұржанұлымен қызметтес болған ағаларымыз бүгінде ортамызда отыр. Ол уақытта орталықтың шешімінсіз бірде-бір өндіріс орны іске қосылмайтын. Облыстың ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, басқа да салаларының көрсеткіштері республикалық деңгеймен салыстырғанда өте төмен еді. Осындай қиындықтарға қарамастан, Еркін Нұржанұлы аймағымыздың дамуы мен Сыр халқының жайлы тұрмысы үшін барлығын жасады. Өңіріміздегі өзекті мәселелерді талдап, оны шешудің нақты жолдарын қарастырды», – деді Нұрлыбек Нәлібаев бұдан әрі.

1985 жылы Мұнай өнеркәсібі министрлігінің «Қазақ КСР-індегі «Құмкөл» мұнай кен орнын ашуға дайындау, игеруге байланысты жұмыстарды ұйымдастыру туралы» бұйрығы шықты. Еркін Нұржанұлының бастамасымен Жезқазған жеріндегі «Құмкөл» мұнай кеніші аумағы облысымызға ұзақ жылға жалға берілді. Бұл тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, облыс бюджетінің өсіміне жол ашты.

«Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» деген сөз бар. Еркін Нұржанұлының еселі еңбегінің арқасында 1990 жылдардың қиын кезеңінде «Құмкөл» мұнай кеніші облыс бюджетінің 70-80 пайызын қамтамасыз етіп, аймақтың дамуына серпін берді. Осы бастамасы үшін өңір халқы ағамызды үнемі еске алып, ерекше құрметтейді.

«Бүгін Еркін Нұржанұлының еңбегі мен қайраткерлік тұлғасына арналған конференцияда бас қосудамыз. Халық құрметіне бөленген дара тұлғаны ұлықтауға арналған осы шараға шынайы ниетпен арнайы қатысуға келген ардақты ағаларымызға, қадірлі қонақтарымызға Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымызды білдіреміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Конференцияда мемлекет және қоғам қайраткерлері Әбдіжәлел Бәкір, Мұрат Бақтиярұлы, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Әуелбеков қоғамдық қоры филиалының төрағасы, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсат, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтбай баяндама жасап, естеліктер айтты.

Конференцияға қатысушылар осыған орай ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Соңынан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қайраткердің қарындасы Күләш Нұржанқызына Сыр жұртшылығы атынан дәстүрге сай сый-құрмет көрсетті.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button