Қазақтың белгілі ақын қызы Күләш Ахметова өмірден өтті

ТАРАЗ. 14 қараша. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова 79 жасында қайтыс болды. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қайғылы хабарды ақын Хамит Есаман Facebook әлеуметтік желісі арқылы жеткізді.
«Қош болыңыз, қазақ өлеңінің Ақ Гүлі. Аяулы ақын Күләш Ахметова апайымыз дүниеден өтті. Жақсы жан еді, бәрімізге қамқор қасиетті адам еді», – деп жазды ол.
Күләш Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда туған. Жамбыл облысына қарасты Талас ауданында «Үшарал» орта мектебін бітірген.
1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін, 1973 жылы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген.
Еңбек жолын «Үшарал» ауылында медпункт меңгеруші қызметінен бастаған, Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде әдеби қызметкер болып істеген. 1968 жылы ҚазМҰУ-ге оқуға түскен. Оны бітіргесін республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1977–1980 жылдары «Жалын» баспасында поэзия бөлімінің редакторы болды.
Күләш Ахметова 1978 жылы «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды, 2006 жылы «Құт» кітабы үшін оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ал «Болашақ» поэмасы үшін К.Симонов атындағы халықаралық сыйлық алды.
Ол көп жылғы шығармашылық қызметі үшін «Парасат» (2021) және «Құрмет» (2006) ордендерімен марапатталды. Жамбыл облысының құрметті азаматы.
Ақынның қаламынан туған жырлар «Ақ гүлім менің» (1975), «Сен менің бақытымсың» (1977), «Жапырақ – жаздың жүрегі» (1979), «Мейірім» (1981), «Бұлақтағы жұлдыздар» (1982), «Жасыл жағалау» (1984), «Возвращение аистов» (1985), «Арғымақтар даласы» (1987), «Сен жанымда жүрсең» (1987), «Наурыз нұры» (1991), «Күн шыққанда күліп оян» (1996), «Бақ» (2006), «Құт» (2006), «Махаббат» (2007), «Жайна Қазақстан» (2011), «День отрады» (2014), «Бақытты болыңдар» (2014), «Орман» (2015), «Менің сәулелі сәттерім» (2015) деген атаулармен баспа жүзінен жарық көрген. Олардың бәрі кезінде оқырманнан лайықты бағасын алған. Әр кезеңде Күләш ақын туралы Әбділда Тәжібаев, Тәкен Әлімқұлов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Әбіш Кекілбаев сияқты әйгілі тұлғалар жоғары пікір білдірген.
Күләш Ахметованың өлеңдері орыс, украин, белорус, өзбек, башқұрт, қырғыз және басқа да тілдерге аударылған. Өзі А.Ахматова, А.Межиров, Н.Ислам, Э.Межелайтис секілді шайырлар жырларын қазақ тілінде сөйлетті.
Бүгін, міне, қазақ поэзиясы аспанында жарқырап жанған аса талантты қыздарымыздың бірі арамыздан кетіп барады. Енді оның жақұт жырларымен бірге өсиет секілді болып естілетін:
«Қазақты жамандама, қазақ бала,
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана,
Мәңгілік ай астында, жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана», – деген шырайлы шумағы жанымызға бұрынғыдан да жақын бола түседі.
Біз марқұмның отбасына, өмірлік серігі, ақын Қайырбек Асанов ағамызға және ұл-қызына, туған-туыстары мен жора-жолдастарына қайғырып көңіл айтамыз.
Бақұл бол, қазақ поэзиясының жарқын жұлдызы, аяулы Ақ гүлі!
***
Марқұмның жаназасы 16 қараша күні Тараз қаласы, Фазлаев көшесі, 53 үйдегі өз шаңырағында сағат 10:00-де өтеді.






