Жаңалықтар жаңғырығыЭкономика

ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚЫТАЙ

«Ашықтық – өркендеуге, ал оқшаулану – әлсіреуге әкеледі»

Таяуда, 2025 жылдың 20–23 қазаны аралығында Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясы ХХ шақырылымындағы Орталық комитетінің төртінші пленумы табысты аяқталды. Пленумның маңызды тұсы Қытайдың алдағы бес жылдағы экономикалық және әлеуметтік дамуының жалпы бағыттары мен стратегиялық жоспарын айқындайтын «ҚКП Орталық Комитетінің халықтық экономикалық және әлеуметтік дамудың 15-ші бесжылдық бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ұсыныстары» құжатын қарастыру мен қабылдау болды.

Бұл пленум Қытайдың жан-жақты социалистік жаңғыру мақсатына жету жолындағы ізденістерінің шешуші кезеңіндегі маңызды кездесу еді. Ол барша қытайды мүмкіндікті пайдаланып, құдіретті ел құруды жан-жақты ілгерілетіп, қытайлық модернизация арқылы қытай ұлтының ұлы жаңғыруы үшін жалықпай жаңа көкжиектер ашуға шабыттандырды.

Сан, сапа мен тиімділіктің кешенді өсуі – қытайлық жаңғырудың жаңа келбеті

14-ші бесжылдықта Қытай күрделі де шиеленісті сыртқы жағдайға, сондай-ақ күрделі ішкі даму міндеттерімен бетпе бет келді. Ғасыр пандемиясының қауіп-қатерлері мен шиеленіскен халықаралық жағдайға төтеп бере отырып, Орталық Комитеттің басшылығымен, діңгегі өзі болған Си Цзиньпин барша халықты біріктіріп, соңынан ілестіріп, өз үлгісімен қиындықтарды еңсеріп, тамаша нәтижелерге қол жеткізді.

Қытай экономикасы жаңа деңгейге көтерілді. Жалпы ішкі өнім 110, 120 және 130 триллион юаньнан асты. 2025 жылға қарай 140 триллион юаньға жетеді деп болжанып отыр.

Өнеркәсіптің жаңару қарқыны үдей түсті. Жаңа индустриялар, жаңа бизнес нысандары және жаңа модельдер экономикалық өсудің драйверлеріне айналды.

«Жаңа трио» деп аталатын электромобильдер, фотоэлектрлік өнімдер және литий-иондық аккумуляторлар тұрақты өсім көрсетуде, ал дәстүрлі және инновациялық салалар қатар дамып, өнеркәсіптік құрылымды жақсартуда.

Ғылыми-технологиялық инновациялар дамуға қуатты серпін берді. Қытайдың инновациялық даму индексі әлем бойынша 10-орынға көтеріліп, 26 жаһандық технологиялық инновация орталығы құрылды. Қытай жоғары дәлдіктегі аспаптар, аэроғарыш, энергетика мен басқа да маңызды салаларда үлкен жетістіктерге жетіп, өзін жаһандық инновациялық хаб ретінде танытты.

Экологиялық өркениет үйлесімді дамудың жаңа бейнесіне айналды. Қытай қарқынды экономикалық өсуді қоршаған ортаны тиімді қорғаумен үйлестіретін ең ірі дамушы елге айналды. Аймақтарды ормандандыру 25%-дан асты, ал әлемдегі жасыл желектің төрттен бірі Қытайдың үлесінде. Бұл – жаһандық экожүйеге қосылған орасан үлес.

Бесжылдық жоспарлардың сабақтастығы – Қытай жаңғыруының жаңа тарауы

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин атап өткендей: «Бесжылдық жоспарларды ғылыми тұрғыдан әзірлеу мен дәйекті түрде жүзеге асыру – ҚКП-ның мемлекет басқарудағы маңызды тәжірибесі әрі қытайлық ерекшелігі бар социализмнің саяси артықшылығы». Жаңа Қытайдың даму жолына көз жүгіртсек, алғашқы бесжылдықтан бастап бүгінгі он бесінші бесжылдыққа дейінгі жетпіс жылдан астам уақытта ел бұрын-соңды болмаған серпіліс жасады: артта қалған, кедей мемлекеттен жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 мың АҚШ долларынан асқан, әлемдік өңдеу өнеркәсібінің шамамен 30 пайызын қамтамасыз ететін қуатты мемлекетке айналды. Бұл – адамзат тарихындағы теңдесі жоқ жетістік әрі Қытайдың бесжылдық жоспар жүйесінің өміршеңдігін айқын дәлелдейді.

Қытайдың бесжылдық жоспарлары – қытайлық жаңғырудың нақты жүзеге асырылуына бағытталған. Ұзақ мерзімді-тұрақты стратегия, жүйелі мақсаттар мен дәйекті іске асыру ел дамуын күрделі халықаралық жағдайда да тұрақты ұстап келеді. Мұндай стратегиялық сабақтастық пен саясаттың тұрақтылығы Қытайды көппартиялық жүйелерге тән саяси тұрақсыздықтан сақтап, қысқа да ұзақ мерзімді мүдделердің үйлесімін қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, қытайлық жоспарлау жүйесінің ерекшелігі – жоғары деңгейдегі стратегиялық жобалау мен халықтың пікірін ескеру үйлесімінде. Орталық комитеттің біртұтас басшылығымен мемлекеттік органдар, ғылыми орталықтар, сарапшылар мен қоғам өкілдері кеңеске қатысып, ортақ даму бағытын қалыптастырады. Көпсатылы талқылаулар нәтижесінде ең жоғары келісім мен халықтың ортақ мүддесіне сай шешім қабылданады.

Жаңа артықшылықтарға жол ашып, қытайлық жаңғырудың жаңа кезеңін бастау

15-ші бесжылдық (2026–2030 жылдар) – жоғары сапалы дамуға қол жеткізу мен негізгі социалистік жаңғыруды жүзеге асырудағы шешуші кезең болмақ. Қытай экономикасының берік іргетасы, артықшылықтары, жоғары төзімділігі мен орасан зор әлеуеті бар. Қытайлық сипаттағы социализмнің артықшылықтары: үлкен ішкі нарық, толық өндіріс жүйесі, мол адам ресурстары – бәрі де одан әрі өркендеуге берік негіз береді.

Пленум алдағы бес жылға арналған дамудың алты негізгі ұстанымын айқындады: партияның толық басшылығын сақтау; халық мүддесін бәрінен жоғары қою; жоғары сапалы дамуға ұмтылу; реформаларды тереңдету; нарықтың тиімділігін белсенді үкімет қызметімен үйлестіру; даму мен қауіпсіздікті қатар жоспарлау. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық дамудың жеті негізгі мақсаты белгіленді: жоғары сапалы даму, ғылыми-технологиялық тәуелсіздікті арттыру, реформаларды жаңа деңгейге көтеру, қоғамның өркениеттілік деңгейін жақсарту, халық тұрмысының сапасын арттыру, «Көрікті Қытай» құрудағы жаңа жетістіктерге жету және ұлттық қауіпсіздік қалқанының сенімділігін күшейту.

Құжатта өнеркәсіп, инновация, ішкі нарық, экономикалық жүйе, ашықтық, ауылдық өркендеу, аймақтық даму, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, жасыл даму және қорғаныс сияқты он екі сала бойынша басым бағыттар мен міндеттер нақты көрсетілді. Бұл партияның саяси көрегендігі мен халыққа адал қызмет етуге деген ұмтылысын айқын бейнелейді.

«Ашықтық – өркендеуге, ал оқшаулану – әлсіреуге әкеледі»

«Ашықтық – өркендеуге, ал оқшаулану – әлсіреуге әкеледі». Бұл – тарих дәлелдеген сабақ әрі қазіргі Қытайдың даму тәжірибесінің негізгі қағидасы. «Ұсыныстарда» жоғары деңгейлі ашықтықты кеңейту және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыру» бағыты айқындалған. Онда: «Ашықтық реформалар мен дамуға серпін береді, ал Қытайдың мүмкіндіктері бүкіл әлем елдерімен бөлісілмек» деп көрсетілген. Қытай инклюзивті және әділетті жаһандануды қолдай отырып, ашық әлемдік экономиканы дамытуға дәйекті түрде ұмтылуда. Ел «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жоғары сапалы ынтымақтастықты ілгерілетіп, адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын құруға күш салып келеді.

Қытай мен Қазақстан – таулары да, өзендері де біріккен тату көрші, сенімді дос және өзара тиімді серіктес. Екі елдің мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігі жаңа «алтын отызжылдыққа» қадам басты. Өткен жылы екіжақты сауда айналымы 43,82 млрд АҚШ долларына жетіп, 6,8%-ға өсіп, тарихи рекорд орнатты. Биылғы жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 21,8 млрд долларға жетті. Жуырда Шанхайда өткен 8-ші Қытай халықаралық импорт көрмесіне Қазақстаннан жүзден астам кәсіпорын қатысып, бұл Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды.

14-ші бесжылдықтың табысты қорытындыланып, 15-ші бесжылдықтың басталатын тарихи кезеңінде Қытай Қазақстанды өз нарығының, өндірістік жүйесінің және кадрлық әлеуетінің артықшылықтарын тиімді пайдалануға шақырады. Қытай Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетіп, ортақ тағдыр қауымдастығын нығайтуға және екі ел халықтарының мәңгі достығының жаңа тарауын жазуға дайын.

ЛЮЙ И,

Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының міндетін атқарушы

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button