Алматыда қазақ мектебін ашуға қатысты дау шешілген сияқты (видео)

АЛМАТЫ. 31 қазан. Алматыда салынып біткен № 224 мектептің қазақ тілді болатыны жөніндегі мәселе өзінің шешімін тапты. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін Алматы қаласының әкімдігі ғимаратына үшінші мәрте ондаған ата-ана мен белсенді жиналды. Олар қаладағы Бостандық ауданындағы жаңа №224 мектеп тек қазақ тілінде білім беретін оқу орны болуы керек деген талап қойды.
Шын мәнінде айтылып отырған білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2500 оқушыға арналып салынған ғимарат болатын. Алайда аралас мектеп болсын деген талап ұсынған тағы бір лек ата-аналардың тайталасы салдарынан лоі ашылмай тұр.
Кездесуге келгендердің бірі бұл ауданда қазақ мектебіне бала берудің көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе екенін айтты. Ол сегіз жыл бұрын Ақсай ауданынан Бостандық ауданына көшіп келген. Сол кезден бері таза қазақ мектебін табу қиын болғанын еске алды.
«Сол кезде ауданда жалғыз №140 қазақ мектебі ғана болды, бірақ біздің үй сол шағын ауданға кірмеді. Кейін №94 мектепте екі қазақ сыныбы ашылды. Бірақ ол жерде мерекелер түгел орыс тілінде өтеді, Наурыз мүлде тойланбайды. Сонда таза қазақ мектебін ашуға қандай кедергі бар?», – деді ол.
Оның айтуынше, жаңа ғимарат №224 мектеп болып ашылады дегенде ата-аналар қатты қуаныпты. Бірақ көп ұзамай мектептің «аралас» болуы мүмкін деген әңгіме тараған.
«Қазір көптеген ата-ана балаларын жаңа мектепке беруге асықпай отыр. Өйткені мектеп тек қазақ тілінде болады деген нақты кепілдік жоқ. Егер аралас болып кетсе, баяғы жағдай тағы қайталанады», – дейді ата-ана.
Ата-аналармен кездескен білім бөлімінің басшысы Сайран Тәпенұлы ресми түсіндірме берді. Оның айтуынша, мектепке қабылдау 29 қазаннан басталған. 31 қазан күнгі сағат 13:00-дегі жағдай бойынша 1002 өтініш түскен.
«Оның 779-ы қазақ сыныптарына, 223-і орыс сыныптарына. 633 бала осы ауданның микроучаскесіне жатады, олардың 611-і қазақ сыныптарына өтініш берген. Бұл балалар міндетті түрде қабылданады. Қазірдің өзінде 55 қазақ тілді мұғалім жұмысқа қабылданды, тағы 12 ұстаз басқа мектептерден ауысып келеді. Ал орыс сыныптарына әзірге мұғалім табылған жоқ. Сондықтан 2-тоқсаннан бастап №224 мектеп қазақ тілінде жұмысын бастайды», – деді ол.
Бөлім басшысы сондай-ақ, орыс сыныптарына өтініш берген ата-аналарға «кадрлық мәселе шешілгенше балаларды қабылдай алмаймыз» деп түсіндіріліп жатқанын айтты.
Ата-аналар 27 қазандағы кездесуде мектепке шетелден келген балалар қабылданып жатыр деген күдік білдірген еді. Бұл сауалға Сайран Тәпенұлы нақты жауап берді:
«Мұндай ақпарат шындыққа сай емес. Мектептің шетел азаматтарын қабылдауға құқығы жоқ. Егер шетел азаматы білім алғысы келсе, ол жазбаша түрде білім басқармасына өтініш береді. Өтініш қаралып, бос орны бар өзге мектепке бағытталады. Ал жаңа «Жайлы мектептер» жобасы мұндай категорияға арналмаған», – деді шенеунік.
Кездесуге қатысқан жазушы, журналист, қоғам қайраткері Марат Байділдәұлы (Тоқашбай) бұл дауды жай ғана тіл мәселесі емес, ұлттық сана тұрғысынан бағалау керек екенін сөз етті.
«Біз 1982 жылдан бері Алматыда қазақ тілінде мектеп ашу үшін күресіп келеміз. Кеңес кезінде мектептің бір бұрышынан қазақ сыныбы ашылса екен деп армандайтынбыз. Ал қазір – тәуелсіз елміз. Аралас мектеп – отарлық саясаттың сарқыншағы, қазақты орыстандырудың тәсілі еді. Ендеше, неге тәуелсіз елде сол жүйенің салдарымен өмір сүруіміз керек? Мектеп не таза қазақ, не таза орыс тілді болуы тиіс. Аралас мектептен ұлттың рухы әлсірейді», – деді қабырғалы қаламгер.
Кездесуден кейін ата-аналардың көбі әкімдік өкілдерінің уәдесіне сенімсіздік білдірді. Олардың қауіптенулерінше, билік әдеттегідей «жұрт тынышталсын» дегендей жылы сөз айтып, уақытша сабырға шақырумен шектелген сияқты. Әкімдік «мектеп толық қазақ тілінде жұмыс істейді» деп сендіргенімен, ата-аналар бұрын мұндай уәделердің орындалмай, біраз уақыттан соң мектептің аралас форматқа ауысып кететінін жақсы біледі.






