Президент Сыр бойында жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді

ҚЫЗЫЛОРДА. 30 қазан. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келіп, мұнда атқарылып жатқан жұмыстарға оң көзқарас білдірді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Президент сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, өндіріс, инфрақұрылым, мәдениет және спорт нысандарымен танысты.
Жұмыс «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаудан басталды. Мемлекет басшысына өткізу мүмкіндігі жылына 300 мың жолаушыдан 500 мыңға дейін артқан әуе айлағының тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Өнер орталығында Сыр бойының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде есеп берді.
Іс-шарада инвестициялық жобалар таныстырылып, Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар, Roka Group компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық бұйымдар өндірісі және басқа да жобалар жөнінде баяндалды. Шыны кластерін дамыту, бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында айтылды.
Өткен жылдың наурыз айында ашылған 1000 орындық көп функционалды Өнер орталығы бүгінде қала сәулетіне ерекше сән берген ғимаратқа айналды. Мұнда симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, шығармашылық кештер, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізілуде.
Осы орталықта өңір жұртшылығымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев
аймақтың жоғары даму қарқынына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты.
Мемлекет басшысы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясын, «Қызылорда-нан» цехын, жылу-электр орталығын, 11 мың орындық жаңа стадионды, үстел теннисі орталығын, тарихи-өлкетану музейін көріп шықты.
Президент Сыр өңірінде соңғы жылдары қолға алынып, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев басшысы сонымен бірге алдағы жоспарларды уақытылы және сапалы іске асыру, инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жанды жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.







