Көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет Эминеску академиясының мүшесі болып сайланды

АЛМАТЫ. 21 тамыз. Қазақстан аса танымал айтулы ақыны Ұлықбек Есдәулет халықаралық Эминеску әдебиет академиясының мүшесі болып сайланды. Бұл туралы өз мәнбесіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Михай Еминеску (1850 – 1889) – румын ақыны, румын әдебиетінің классигі. Молдованың солтүстігінде туған. Өмірінің көбін шетелдерде өткізген. Қаламгер қайтыс болғаннан кейін Румыния Ғылым академиясының мүшесі болып сайланған.

Ол әдеби қауым арасында «Лучафэрул литературий ромыне», яғни «Румын әдебиетінің шолпан жұлдызы» деп аталады. Оның есімімен Меркурийдегі бір кратерге ат берілген.
Бұдан бөлек, Михай Эминескудің атында халықаралық әдебиет сыйлығы да бар. Оны 1992 жылы Румыниядағы Эминеску атындағы әдеби академия тағайындады. Ал оның атындағы алтын медальды сол жылы Молдова мемлекеті белгілеген. Бұған дейін аталмыш сыйлық пен алтын медальді түріктің Муса Касым Арыжан, өзбектің Осмон Азим, қазақтың Олжас Сүлейменов, Ақұштап Бақтыгереева, Серік Ақсұңқарұлы. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, қырғыздың Сұлтан Раев, Қарбалас Бакиров сынды ақын-жазушылары алған.
Семей жерінде ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толуы аталып өтіп жатқан кезде Ұлықбек Есдәулет Румынияның Михай Эминеску атындағы халықаралық әдебиет академиясы мен Францияның Леопольд Седар Сенгор атындағы академиясына қатар мүше болып қабылданды. Екеуі де өте беделді академиялар болып табылады.
Айта кетуіміз керек, Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет 2017 жылы Моңғолияда өткен Әлемдік поэзия фестивалінде оның алтын медалімен қатар, ЮНЕСКО жанындағы Мәдениет және өнер академиясына да мүшелікке қабылдаған болатын.







