Трамп Путинмен Украинаның бөліске салуды талқылағанын айтты

УАШИНГТОН. 16 тамыз. Дональд Трамп өзінің Владимир Путинмен саммитінде Украинаны бөліске салу мәселесі жөнінде пікір алмасқанын мәлімдеді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ақ үйдің қожайыны мұнымен қоймай, Украина президенті Володимир Зеленськиймен саммит аяқталғаннан кейін сөйлескен сөзінде оны Кремль диктаторының ұсынысына ден қоюға шақырды.
«Мен біз талқылаған мәселелердің ішінде ортақ пікірге келген негізгі тармақтарымыз осылар болды ғой деп ойлаймын. Мен шын мәнінде көп мәселе жөнінде келісімге келдік деп есептеймін», – деді Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында.
Саммитте Владимир Путин «Украина егер Донбастан өз әскерлерін түгел алып кетсе, Херсон және Запорожье облыстарына көз алартпаймыз» деген көрінеді. Сөйтіп, ол Донецк және Луганск облыстарын түгел алғысы келетінін мәлімдеген. Ал екі ортада «жеңгетай» болып жүрген Трамп Зеленськийге осыған келісуге кеңес беріпті.
Оның айтуынша, украин жеріне бейбітшіліктің келуі енді Володимир Зеленськийдің өзіне байланысты. Бұл үшін ол алдымен Путинмен тікелей өзі сөйлесіп, ұрыс қимылдарын тоқтату турасындағы келіссөзді бастап кетуі керек. Сонымен бірге, егер Украина мен Ресей лидерлері ықтимал кездесуге «қатысқанын қалайтын болса», оған баратынын айтты. «Жай онда болу үшін емес, бастаған ісімді ақырына дейін апару үшін», – деп түсіндірді Трамп өзінің бұл талпынысын.
Ақ үйдің басшысы «біз келісімге келуге өте жақын қалдық», енді Украина оған «келісуі қажет» дегенді атап өтті. «Ресей – өте мықты держава, ал олар – ондай емес», – деді Трамп бұдан әрі. Сөйте тұра, Киевтің келісімнен бас тартуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
АҚШ президенті бұған дейін Зеленський мен Еуропа басшыларына Путинмен әңгіме барысында Украина территориясы мәселесін талқыға салмауға, сондай-ақ ұрысты сөзсіз тоқтатуды талап етпеуге уәде берген еді. Сол сондай-ақ Аляскадағы кездесу жақсы өтетін болса, бірден оны Зеленський де қатысатын үш жақты саммитке айналдырып жіберетінін атап өткен болатын.
Кездесу қорытындысы бойынша Трамп тараптардың көп нәрседе келісе алғанын, бірақ әлі мәмілеге келмегенін айтты.






