ПНОМПЕНЬ. 1 тамыз. Камбоджа билігі АҚШ президенті Дональд Трампты Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ресми түрде ұсынуға ниетті болып отыр. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Камбоджа Корольдік премьер-министрінің орынбасары Сун Чантоль The Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында осыны айтты.
Оның сөзінше, Трамп бұл марапатқа Камбоджаға жасаған күш-жігері үшін ғана емес, сонымен бірге «басқа да сіңірген еңбегі үшін» лайық. Вице-премьер америкалық лидердің араласуынсыз Пномпень мен Бангкок шекаралық аймақтағы соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісімге келе алмас еді деп атап өтті. Сондықтан Камбоджа Нобель комитетіне тиісті хат жолдауды жоспарлап отыр.
Бұл Трамптың Бейбітшілік сыйлығына бірінші рет ұсынылуы емес. 2025 жылдың наурызында оның кандидатурасын АҚШ-тың республикашыл конгрессмені Даррелл Исса ұсынған болатын. Бұған дейін, 2024 жылдың қаңтарында осындай бастаманы Өкілдер палатасының мүшесі Клаудия Тенни көтеріп, президентті Израиль, БАӘ және Бахрейн арасындағы Авраам келісіміне қол қоюдағы рөлі үшін марапаттауды ұсынған еді.
Бұдан бөлек, Трамп Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтатуға арашашы болғаны үшін ұсынылды. Бұл бастаманы конгрессмен Бадди Картер, Израильдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Дэнни Данон және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қолдап, комитетке тиісті хат жолдады.
USD




