Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Кремль пропагандисі Мардан Әзербайжан мен Қазақстанға қарап үрді

МӘСКЕУ. 1 тамыз. Ресей насихатшысы Мардан Әзербайжанды қолдан жасалған құрылым деп атады, қазақтар Шыңғыс ханның мұрагері болғылары келеді деп сөгіп, азу тісін ақситты. Бұл туралы Minval.az ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Шулыған деген аты бар Сергей Мардан Қазақстанның Каспий теңізіне 80 пайызға дейін су беретін Еділ өзенін реттеу үшін Ресеймен бірге жұмыс тобын құру қажеттігі туралы мәлімдемесінен шоршып түсті.

Марданның пікірінше, Қазақстан тарапынан мұндай талаптың қойылуы бар-жоғы өзін «отаршылдық үстемдіктің құрбаны» етіп көрсетудің бір амалы, ал тарихи «Еділ» атауын (Қазақстанның ресми мәлімдемесінде «Волга» атауы қолданылған, ал «Еділ» топонимін Minval редакциясы тарихи нақтылықты білдірі үшін қосқан) алға тартуы «империялық амбицияны» ойнатып көрсетудің айқын белгісі.

«Кенет өздерін Шыңғыс ханның ұрпағы сезініп шыға келген отарлық езгі құрбандары Ресейден «Еділді» кері бұруды талап етуде. Мүмкін оларға бұдан басқа тағы екі жүз жылдық езгі үшін өтемақы да төлерміз?» – деп ашу-ыза білдіреді сосын Мардан.

Кремльдің қарғы баулы итаршысы бұдан әрі кеңестік кезеңнің «терістік өзендерін кері бұру» жобасын сағынышпен еске алады да, тап сол 1980 жылдардың соңында орыстардың өздерін «Алматы мег Ташкенттің байларын асырап отырған донор екендерін» сезініп, КСРО-ның ыдырауын «арқаларынан ауыр жүк түскендей сезініп, қуана қарсы алғанына» иландырмақ болады.

Насихатшы Әзербайжанға қатысты да тағы үріп қалуды естен шығара қоймайды. «Мұңдана отырып еске аламын: Әзербайжан – совет билігінің ойлап тапқан жасанды мемлекеті. Осыған сәйкес, ешқандай «ежелгі әзербайжан жерлері» табиғатында жоқ. Ал әзербайжан ұлтшылдығының бар екені – тарихи факт», – деп мәлімдейді ол.

Мардан осылайша кезекті мәрте «геосаяси анализ» деген желеумен әдеттегідей бұрынғы кеңестік республикаларды тікелей қорлауға кірісіп кетеді, соның сорабында олардың мемлекеттілігі мен тіршілік ету үшін берілген тарихи құқығын жоққа шығарады.

Minval басылымының пікірінше, Ресей пропаганда машинасы кез келген мемлекетке қатысты бір ғана жаттанды шаблонды қолданып, «сіздерді Ленин ойлап тапқан», «Сіздерге қарағанда Кока-Кола көне» деген сарындағы аргументтермен жұмыс істейді. Бірақ бұл жолы Мардан Әзербайжанға қатысты бұрын айтылмаған «Әзербайжанның байырғы жері ешқашан болмаған» деген жаңа мәлімдеме жасаған.

«Бұл сөз нені білдіреді? Ресей Әзербайжанды әлем картасынан мүлдем сызып тастауды жоспарлап, халық пікірін дайындап жатыр ма? Біздің аумақтарымыз Арменияға беріліп, Пашинянның орнына Мәскеуге бағынышты басқа бір адамды отырғызбақшы ма? Әлде Әзербайжан жерін Ресейдің өзі «меншіктеп» алмақ па?» – деген сауалдарды көтереді басылым.

Minval еске салғандай, тарихта әзербайжан халқын Сібір мен Қазақстанға жаппай жер аудару жоспары расымен болған. Сонда Мәскеу ескі жоспарды қайта тірілтуді ойластырып отыр ма деген күдік бар.

«Олай болса, халықаралық құқық пен екіжақты қауіпсіздік кепілдіктерін ешкім жоймағанын ескерте кетейік. Қазір 1920 немесе 1992 жыл емес. Әзербайжан – тәуелсіз, егемендігін қорғап қалған мемлекет. Ендеше, XI оккупациялық армияның әдістерімен әрекет ету енді мүмкін емес. Мұны «Киевті үш күнде алу» жоспарының күйреуі мен Арменияны Ресей қару-жарағымен толтырып бастаған «жаңа аумақтар үшін жаңа соғыстың» нәтижесінен де аңғаруға болады», – деп қорытындылайды басылым.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button