Израиль мен Ираннан тағы 144 қазақстандық эвакуацияланды

АСТАНА. 20 маусым. Израиль мен Иран аумағынан тағы 144 қазақстандық елге жеткізілді. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі болған жайтты жайып салды.
Атап айтқанда, Израильден 66 адам Мысыр арқылы эвакуацияланған. Ал Ираннан 78 азамат шығарылды: олардың 73-і Армения арқылы, екеуі Әзербайжан арқылы, үшеуі Түрікменстан арқылы елге жеткізілген.
«Иран мен Израильдегі Қазақстан дипломаттары өз азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсету жұмыстарын жалғастырып жатыр», – деп хабарлады министрлік.
Сыртқы істер министрлігі эвакуацияға қолдау көрсеткені үшін Израиль, Мысыр мен Армения билігіне, сондай-ақ Иран, Әзербайжан және Түрікменстан дипломаттарына алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға қарсы ауқымды әуе операциясын бастады. Теһран маңындағы кемінде алты әскери нысанға соққы жасалды.
Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі Израильдегі барлық Қазақстан азаматтарына тыл қолбасшылығының нұсқауларын (https://www.oref.org.il/ru) сақтауға, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, соңғы жаңалықтарды қадағалауды, сондай-ақ Қазақстан елшілігімен байланыста болуды сұрайды.
Израильдегі Қазақстан азаматтары үшін жедел желі телефон нөмірлері
Қазақстанның Израильдегі елшілігінің байланыс нөмірлері:
+972 (3) 503 78 85 (кезекші)
+972 53 635 19 83 (ұялы телефон, WhatsApp)
+972 55 273 38 13 (ұялы телефон, WhatsApp)
+7 700 111 31 96 (WhatsApp)