Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Мемлекет басшысы жаңа Қорғаныс министрін тағайындады

АСТАНА. 8 маусым. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Бұған дейін ол Қорғаныс министрінің орынбасары – ҚР Қарулы күштері әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болып қызмет атқарған.

Дәурен Жұматайұлы Қосанов 1969 жылы 10 қазанда Павлодар облысы Краснокут ауданы «Новотроицкое» ауылында туған.

1990 жылы Ресейдің Армавир жоғары әскери авиация ұшқыштар училищесін, 2005 жылы Гагарин атындағы әскери әуе академиясын, 2013 жылы РФ Қарулы күштері бас штабы әскери академиясын бітірген.

Үшаралы истребитель полкында қызмет атқарған, Талдықорғандағы «Су-27» эскадрильясында командир, Қарағанды авиабасында штаб бастығы, Шымкент авиабазасында командир, Ақтөбедегі әуе қорғанысы күштері әскери институтының директоры болған. 2024 жылы 6 мамырда авиация генерал-лейтенанты атағын алған.

Мұның алдында бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлы Жақсылықовтың қызметінен алынғаны хабарланған еді. Ол көпшілік көңілінде «Өкпелесең, көшіп кет» деген бір ауыз сөзімен қалды. Оның тұсында әскерге шақырылғандар арасында үйіне табытпен қайтатындар тым көбейіп кеткені де айтылуда. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар сонымен қатар жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрінің қазақша өте жақсы сөйлейтінін байқап қалғандарын айтып, сүйсініс білдіріп жатыр. Ал бұрынғының жиындарда мемлекеттік тілде сөйлегенін көргендер жоқ.

Бүгін тағайындаудан кейін Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы армияның жауынгерлік дайындығын нығайту, басқару жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу, Арнайы операциялар күштерінің мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік және идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды жаңғырту бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Бүгін сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Көлік министрі Марат Кәрімжанұлы Қарабаев та қызметінен босатылды.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button