Әлемдегі ең кедей бұрынғы президент дүниеден өтті

МОНТЕВИДЕО. 14 мамыр. Уругвайдың өзін әлемдегі ең кедей президент деп атаған бұрынғы президенті Хосе Мухика 89 жасында дүние салды. Бұл туралы ВВС ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұны Уругвайдың қазіргі президенті Яманду Орси жеткізді.
«Біздің жолдасымыз Пепе Мухиканың қазасы жайлы қатты қайғырып хабарлаймыз»,– деп жазды Х әлеуметтік желісінде ол.
Орсидің айтуынша, Мухика тек президент қана емес, сонымен қатар басқа басшылар үлгі алатындай белсенді болған.
Марқұм бірқатар жылдардан бері өңештің обырымен ауырған. Оның метастаздары басқа ағзаларға тарап кеткен. Жыл басында бұдан әрі емделуден бас тартып, отандастарымен қоштасқан.
Уругвайдың экс-президенті бүкіл әлемге жақсы танымал адам, оны өзі өкілі болып табылатын солшылдар партиясы ғана емес, оңшыл көзқарастағы жұрт та құрметтеді. Мухика өзін әлемдегі ең кедей президент санап келді. Өзі өмір бойы ауылдық жерде тұрды. Тіпті мемлекет басшысы болған кезінде де қалаға көшкен жоқ. Өзінің айлығының оннан бірін ғана алып қалып, қалғанын қайырымдылық үшін жаратты.
Ол тоқсан жасқа толуына тура бір апта қалғанда өмірден өтті.
«Біз сені қатты сағынатын боламыз, қымбатты қария. Бәрі үшін рахмет, сен бізге халқымызды қалтқысыз сүюді үйреттің», – деді Яманду Орси.
Мухика 1935 жылы 20 мамырда Монтевидеода туған. 2009 жылы Уругвайдың президенті болып сайланды. Ол елді 2015 жылға дейін басқарды.