Құралбек құбылысы
Қазақ футболы сайыпқырандарының бірі, атақты қақпашы Құралбек Ордабаев бүгін 75 жасқа толды.
Төменде ол туралы бұдан бес жыл бұрын жазылып, rast.kz сайтында жарық көрген мақаланы қайта жариялап отырмыз.
1971 жылы мектеп бітірдік. Алматыға оқуға түсу үшін талап қылып, аттанғалы жүргеннен жиырма шақты күн алдын, маусымның 23-і күні Шиелінің дәл іргесіндегі, араларын бір арық қана бөліп жатқан «Гигант» колхозында тұратын жездем Сыздық Омаровтың үйіне бардым.
Кешке қарай залда бір өзім отырып (себебі, бұл үйде менен басқа футболға қызығатын ешкім болмай шықты), ақ-қара экранды кең диагоналды телевизордан Алматыда ойналған «Қайрат» – «Динамо» (Минск) командалары арасындағы матчты тамашаладым. «Тамашаладым» дегенім жай сөз, ойын біткенше экранға кіріп кете жаздап, тыпыршып, алас ұрдым да отырдым. Олай болатын да жөні бар еді. Кездесудің 3-минутында-ақ қонақтар сапынан Геннадий Воронин гол соғып кетті. Осыдан бастап қайраттықтар матч соңына дейін тек «қуалаушының» ролін атқарып, есепті теңестірумен ғана болды. Арада 4 минут өткенде, біздің Владимир Чеботарев осылайша таразы басын теңгерді. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады, 12-минутта минскілік екінші шабуылшы Анатолий Васильев өз командасын тағы алға шығарды. Қарымта шабуылды әдемі пайдаланғандары болмаса, меймандардың бұл пәйтке дейін соншалықты бір басымдығы да болмаған еді. Керісінше алматылықтар ойын басталғаннан тізгінді қолға алған. Бір қарағанда, сенімді де көрінген. Алайда, динамошылардың бірінші зарпысы-ақ бізге гол болып соғылып кетті. Екінші голдан кейін алматылықтар бұрынғыдан бетер ышқынды. Шабуылдан кейін шабуыл өрістеді. Сондай жойқын жорықтардың бірінде, 28-минутта оң қапталмен жүгіріп келе жатқан Михаил Тягусов шамамен 45 метрдей жерден, алаңның орта сызығынан өте беріп, қақпаға қарай шірене ұрды. Сол доп зуылдап ұшқан бойда «тоғыздыққа» келіп күмп етті. Сөйтіп, есеп қайта теңесті – 2:2. Осы голдан кейін минскіліктердің аға жаттықтырушысы Иван Мозер өзінің негізгі қақпашысы Михаил Скоковты бірден құрамнан алып, орнына 21 жасар Михаил Вергеенконы қойды.
Біздің қуанышымыз бұл жолы да ұзаққа созылмады. 35-минутта «Динамоның» жартылай қорғаушысы Владимир Курнев есепті 3:2-ге жеткізді. Осымен бірінші тайм бітті. Енді қақпашы алмастыру кезегі біздің Виктор Корольковқа келді. Ол бұған дейін 3 гол кіруіне жол беріп қойған Виктор Шведковтың орнына сол жылы көктемде ғана Шымкенттің «Металлургінен» келген 22 жастағы Құралбек Ордабаевты бірден үзілістен кейін шығарды.
– Матчтың басы біз үшін өте сәтсіз басталды, – деді арада көп жылдар өткеннен кейін Құралбек аға өзінің бұл дебюттік кездесуі туралы. – Алғашқы 45 минуттан кейін біз 2:3 есебімен ұтылып тұрдық. Үзіліс кезінде қатты әңгіме болды. Екінші жаттықтырушы Владимир Болотов Шведковтың орнына ойынға мені жіберуді ұсынды. Жігіттер бұл шешімді қолдады. Сөйтіп, алаңға шығуға дайындала бастадым. Командаластарым келіп, дем беріп жатыр. Ал команда капитаны Сергей Рожков иығымнан қағып: «Құрал, толқыма, жүрегіңді бас. Әйтеуір ойнайтының рас еді ғой. Енді сенің сағатың соқты», деді.
Жас дарбазашы ойынның басында біраз сасқалақтаса да, бара-бара өз-өзіне келіп, біртіндеп сенімді ойнай бастады. Негізі, бұл таймда динамошылар басым ойнады. Оларда ойынның көрігін Эдуард Малофеев пен бізден екі жыл бұрын кеткен бұрынғы өз ойыншымыз Олег Волох қыздырды. Бірақ Құралбек олардың туралап келген жалғыз қауіпті сәтін жақсы қайтарды. Есесіне, алматылықтар бір гол салып, қорытынды есепті 3:3-ке жеткізді. Рас, гол пенальтиден салынды. Оны Евгений Михайлин қақпаға дәл бағыттады. Осы матч жайлы есептік мақала жазған «Советский спорт» газетінің тілшісі А. Царев мұны күмәнді 11-метрлік ретінде атап өтіпті. Ол қонақтар алаңында Чеботаревтің қағып құлатылуына байланысты белгіленген еді. Менің сол кезде қатты қуанғаным есімде. Соған қарағанда, журналистің меңзеп отырғаны да дұрыс сияқты…
– Алаңға шыққан кезімде, толқығаннан аяғым дірілдеп кетті, стадион толы адам еді, – деді Құралбек тағы. – Жанкүйерлер әлденені айтып, айқайлап жатыр, мен ештеңені еститін емеспін. Тіпті стадионда өзімнің шыққаным туралы айтылған хабарламаны да естімеппін. Менің бар ойым, есіл-дертім бір ғана нәрсеге – қалайда ұжым мен жанкүйерлерімнің үміттерін ақтауға ауды. Алғашында менің жайымды байқаған қорғаушылар ойынды сезінуім үшін екі рет маған пас берді. Осыдан кейін өзіме-өзім келе бастадым. Тіпті екі рет келген допты сәтті қайтардым. Бірінде оны бұрыштамаға жібердім. Қазір, арада қаншама жылдар өтіп кеткен кезде бәрін бірдей сол қалпында еске түсіру қиын. Бірақ біздің команданың содан кейін дүр сілкінгенін жақсы білемін. Ақыры таймның ортасында пенальтиден есепті теңестірдік – 3:3. Ойыннан кейінгі талқылауда менің атыма жақсы сөздер айтылды. Бірақ дандайсып кетпеуімді қатты тапсырды.
Не дегенде де, бұл матч Құралбек Ордабаевтың келешектегі тағдырын шешіп кетті. Содан бастап бұл кісі ұдайы біздің де назарымызда жүрді. Қаншама жылдар бойы оның табысына бірге қуанып, күйінішіне бірге берілдік. Содан бастап Құралбек ағамыз маусым соңына дейін орнын ешкімге берген жоқ есебі. «Жоқ есебі» дейтініміз, 12-турда өзінің тұсаукесер кездесуіне шыққан ол бұдан кейін маусым аяқталғанша тағы 14 матчқа қатысты. Атап айтқанда, осыдан кейін артынша Ташкентте «Пахтакормен» ойында қақпаны қорғаған Құралбек Ворошиловградта «Зарямен» кездесуде де алаңнан көрінді. Осы матчта 4 гол жіберіп алған ол содан кейін 9 шілдеде Донецкіде «Шахтермен» ойналған ойында команданың старттық құрамына ілінген жоқ. Бірақ қақпаға оралған Шведков матчтың 6-минутында жарақат алып қалып, орнына Ордабаев қайта келді. Құралбек содан кейін 9 ойын бойы қатарынан өзі ойнады да, қақпа кілтін Алматыда «Пахтакормен» (2 қазан), Минскіде «Динамомен» (16 қазан), Алматыда «Араратпен» (21 қазан), «Зарямен» (26 қазан) кездесулерде Шведковқа беріп алды. Ал 31 қазанда Алматыда «Шахтермен», 8 қарашада Мәскеуде «Спартакпен» ойындарда қақпада тағы өзі тұрды.
Сондықтан бір Ордабаевтың:
– Алғашқы табыс адамды қанаттандырып жібереді екен. Мен енді өзімді сенімді сезіне бастадым. Мұның үстіне, сырттғы бірінші ойынымды ежелгі бәсекелесіміз – Ташкенттің «Пахтакорымен» өткіздім. Екі кәнігі қарсыластың кездесуі бұл жолы да арпалыспен өтті. Бірақ біз ұтыла қоймадық, есеп – 1:1. Бұған шүкіршілік еттік. Содан бастап қақпада негізінен мен тұра бастадым, – дегенімен де келісеміз.
Қазақтан шыққан тұңғыш қақпашы маусым соңына дейінгі 15 ойынында 19 голды тордан алды. Ал оның әріптесі Шведков 17 матчта 21 голды өткізіп қойды.
Кейіпкеріміздің спорттық өмірбаянында 1971 жылы Еуропа теміржолшыларының кубогының иегері атануы да бар. Турнирдің бастапқы матчтарында қақпаны Виктор Шведков қорғады. Айта кету керек, ол өз ойындарын керемет өткізді. «Қайрат» бірінші кездесуде Чехословакияның «Локомотивін» 4:1 және 1:0 етіп ұтып, келесі жартылай финалдық бірінші ойынында өз алаңында Болгарияның «Славиясынан»1:3 болып жеңіліп қалды. Осыдан кейін болгарлармен қарымта кездесуге Құралбек барды. Оның үстіне, Виктор аздаған жарақат алып қалған еді. Абырой болғанда, алматылықтар алаң иелерін 3:0 етіп күйрете ұтып, келесі кезеңге өтті. Бізден Евгений Пиуновский, Юрий Севидов және Владислав Маркин мергендіктерімен танылды. Соңынан румынның «Рапид» командасымен финалдық ойында кездесті. Олардың Бухаресте өткен бірінші ойыны 1:1 есебімен тең аяқталды. Біздің жерлестерімізден голды Сергей Рожков салды. Ал Алматыда «Қайрат» өз мүмкіндігін жібермеді. Мұнда да Рожков ерледі, оның соққан жалғыз голы алматылықтарды турнир шыңына шығарды. Осы жеңісі үшін «Қайраттың» негізгі құрамының бұрын мұндай дәреже алып үлгермеген барлық ойыншылары, – ішінде Ордабаев та бар, – «КСРО спорт шебері» деген жоғары атаққа қол жеткізді.
Айтқандай, осы жылы «Қайраттың» қақпашысы Құралбек Ордабаев пен қорғаушысы Сейілда Байшақов «Смена» журналы маусымдағы 11 жаңа футболшы үшін белгілеген «Үздік дебютант» жүлдесін алды. Өзі 1964 жылы тағайындалған бұл жүлдемен бұған дейін алматылықтар сапынан 1966 жылы қорғаушы Юрий Мусин, 1968 жылы қорғаушы Владимир Асылбаев қана марапатталған еді.
Құралбек 1972 жылғы чемпионатты толық қуатында өткізе алмады. Бұған біріншілік басында алып қалған жарақаттары себеп болды. Сондықтан бұл жылы ол алаңға небәрі 10 рет қана шығып, 9 доп жіберді. Ал 1973 жыл Құралбек үшін ерекше есте қалатын маусым болды. Футбол жанкүйерлері осы жылы оның жұлдызы жанғанын жақсы біледі. Мамандар бірінші рет сол кезде «Құралбек құбылысы» туралы айта бастады. «Жұлдызды» КСРО Футбол федерациясының шешімімен сол чемпионатта тең нәтижемен аяқталған матчтардан кейін берілетін болып белгіленген пенальтилер сериясы тудырды. Біздің қақпашымыз сол жылы ойын кезінде – 2, ойыннан кейін 13 пенальти қайтарып, барлығы 15 онбірметрлік соққыны қақпаға дарытпады. Ойын кезінде ол 12 мамыр күні Львовта «Карпатымен» өткен ойында команда капитаны Лев Броварский ұрған, 29 шілдеде Мәскеуде «Динамомен» болған ойында Геннадий Еврюжихин соққан доптарды қақпаға дарытпады.
Шыны керек, оның «штатты пенальтист» бола алатынын бұған дейін ешкім де білген жоқ. Себебі, Құралбек 1971 жылы командадағы бірінші маусымында өз қақпасына белгіленген 3 пенальтидің үшеуіне де тосқауыл қоя алмаған-ды. 1972 жылғы 10 ойынында оған мұндай сынаққа түсудің орайы келген жоқ. Сөйтіп, кейін чемпионат соңында команда аға жаттықтырушысы Артем Фальян өз голкиперіне үлкен сенім артқанын мәлімдегеніне қарамастан, Ордабаевтың 11 метрлік соққы қайтарғыштық қасиеті бар екені көп жанкүйер мен маман үшін шын мәнінде жаңалық болды.
Құралбек Ордабаев өзінің бұл реттегі шеберлігін алғаш рет 1973 жылғы 14 сәуір күні Алматыда «Қайрат» пен «Торпедо» (Мәскеу) командалары арасындағы кездесуден кейінгі пенальтилер сериясында көрсетті. Негізгі уақыт 1:1 болып аяқталды. Голдар бірінші таймда соғылды. Ол кезде бізден қақпада Виктор Шведков тұрған еді. Ордабаев алаңға 46-минутта шықты. Сондықтан ол серияны бірінші болып қабылдады. Сондағы шеберлігі, айналып келгенде, оның команданың талассыз бірінші нөмірлі қақпашысы болуына әсер етті. Ол осы жылы чемпионаттың 30 ойынының 27-сінде соңғы шептің шекпенін жамылды.
Арада көп жылдар өткен соң белгілі футбол статисі Аксель Вартанян «Советский спорт» газетінде: «Жаңа маусымда енгізілген жаңалық «Қайратқа» өзінше дем берді, – деп жазды 1973 жылғы пенальтилер сериясына арнайы тоқталған сәтінде. – Турасын айтқанда, жаңалықтың тап өзі емес, команданың оған деген қатынасы. Алматылықтардың жаттықтырушысы Артём Фальян бұл туралы «Футбол-Хоккейдің» тілшісі Геннадий Радчукке былай деді: «Біз таңертеңгі дене сергіту кезінде, жаттығу мен одан кейінгі уақыттарда онбірметрлікті соғып жаттықтық. Оңтүстікте Сегізбаевпен және Остроушкомен бірге басқа командалар ойыншыларына қатысты өзіндік кімнің қалай соққы жасайтыны туралы мәлімет жинадық, өйткені бәрі де пенальти ұрып жаттықты. Кейін бағдар беру кезінде ойын пенальтиге дейін барып жатса, қарсыластардан, мысалы, кімнің ұруы мүмкін екені және оның қайтіп тепкенді қалайтыны жайында білетінімізді айттық. Бірақ ең басты нәрсе басқада. Ол Құралбек Ордабаевтың соққының бағытын айыра білетін айрықша, сирек кездесетін қабілетімен танылуында. Бұған өзі арнайы жаттығып та жүр…». Шынында, «Қайраттың» қақпашысы керемет болып шықты. Ол ойыннан кейінгі пенальти сериясында 13 соққы қайтарып, рекорд жасады!».
Алғашқы серия 4:3 есебімен алматылықтардың пайдасына шешілді. Бұған Құралбек қайтарған екі пенальтидің тікелей әсері болды. Ол Владимир Юрин мен Вадим Никоновтың аяқтарынан ұшқан доптардың жолынан табылды. Жалпы, бұл чемпионаттың ойыннан кейінгі пенальтимен аяқталған бесінші матчы еді. Оны 7 сәуір күні Тбилисиде жергілікті «Динамо» мен «Заря» (Ворошиловград) ашып берді.
«Қайрат» келесі осындай «лотереяға» 22 сәуір күні тап келді. Бұл жолы ол Ленинградта «Зенитпен» ұшырасты. Мұнда да есеп 1:1 болып бітті. Мұнда да матчтан кейінгі пенальти 4:3 деген есеп әкеліп, біздің команданың абыройын асырды. Құралбек тағы да ерледі. Ол Анатолий Зинченко мен Юрий Загуменных ұрған доптарға тосқауыл қойды.
Құралбек жоғарыда аталған матчтардан кейін Шамиль Яфаров («Пахтакор»), Анатолий Кожемякин, Владимир Басалаев («Динамо», Мәскеу), Виктор Яремченко («Шахтер», Донецк), Виктор Трембач, Михаил Фокин («Зенит»), Виктор Матвиенко («Динамо», Киев), Виктор Малыгин («Заря») ұрған доптарды торға қарай өткізбеді. Ал Владимир Алматыда ЦСКА-мен болған ойында бұрынғы өз ойыншымыз Владимир Кисляковтың добын қағып алды.
Сөйтіп, сол жылғы чемпионатта пенальтилер сериясы бойынша Ордабаевтан озған қақпашы, «Қайраттан» асқан команда болған жоқ. Алматылықтар 11 рет ойыннан кейінгі пенальтиге қатысып, солардың 10-ында жеңіске жетті. Бұл жеңістердің 9-ын Ордабаев, 1-ін Владимир Черненко қамтамасыз етті. Біз тек «Днепрден» ғана пенальтилер сериясында ұтылып қалдық. Бірақ сол днепрліктер 9 пенальти сериясында бәсекеге түсіп, 8-інде жеңіс биігінен көрініп, бұл жөнінен екінші сатыға көтерілді. Бұдан кейінгі орындарға 7 сериядан 5-ін ұтқан Тбилисидің «Динамосы», 10 серияның 7-інде жеңген Мәскеудің «Динамосы» орналасты. Ал көпке дейін «Қайратпен» жарысқа түсіп келген ЦСКА алғашқы 5 матчта үздік көрінгенімен, бұдан кейінгі 4 сериясында да жеңіліс тауып, біраз кейін шегініп кетті.
Құралбек Ордабаев келесі, 1974 жылғы доп додасында 29 мәрте алаңға шықты. Бұл оның өзіндік рекорды еді. Жалпы,«Қайраттың» сапында 1971 жылдан 1981 жылға дейін өнер көрсетіп, жоғары лигада – 183, бірінші лигада 69 матчта соңғы шепте тұрды. Соның ішінде жоғары лигада өз қақпасына 216 гол жіберіп алды.
Сол жылдарда біздің қақпашымыздың қақпасына ойын кезінде 17 рет пенальти белгіленді. Құралбек соның 7-ін қайтарды. Бұл оның пенальти қайтару коэффициентінің 41,1 пайыз екенін көрсетеді. Осы көрсеткішпен ол командаластары арасында талассыз бірінші орын алады. Осы тұрғыда оның көрсеткішін басқа қақпашыларымызбен салыстырып көрейік. Ордабаевқа дейін бізде Владимир Лисицын, Юрий Башкатов, Владимир Косенков, Владислав Бубенец, Виктор Шведков деген голкиперлер қақпаны пенальтиден қорғап көрді. Өзінен кейін Александр Убыкин, Юрий Чекмезов, Сергей Бураков деген қақпашылар осы салада бақтарын сынады. Соның ішінде Убыкиннің үлесіне тиген пенальтилер саны сұмдық – 42! Александр бұлардың 6-уын ғана қайтара алды.
Аты аңызға айналған футболшымыз спорттағы мансабын аяқтағасын «Қайрат» клубының тізгінін қолға ұстады. Тағы бірнеше жылдан кейін Қазақстан футбол федерациясын басқарды.
Қазақ футболында осындай жарқын із қалдырған Құралбек Ордабаевтың үлкен футболға келу жолының өзі қызық. Ол бала жасында жылдардың жылында «Қайраттың» құрамында ойнаймын-ау деген ойдың өзінде болмағанын да айтады.
– Мен Шымкентте, Қошқар атаның бойында туып-өстім, – дейді өзі кейін. – Ондағы барлық бала сияқты мен де тақыр жерде доп қуып жүрдім. Ол кезде бәріміз түгел «Қайраттың» жанкүйері едік. Оның ойыншыларының аттарын түгел жатқа білетінбіз. Бала кезімізде мен көбіне-көп алаңдағы ойыншы ретінде ойнаушы едім. Бір жолы біздің негізгі қақпашымыз ауырып қалды. Оның орнына қақпаға мен тұрдым. Көпшілікті таңғалдырып, «бағанда» сенімді ойнадым. Бірнеше рет қауіпті доптарды қайтардым. Ойыннан кейін балалар мені сәтті дебютіммен құттықтады. Осындай бірнеше ойыннан кейін мен ендігі орнымның қақпада екенін түсіндім. Бұған бойым мен реакциям да сәйкес келді. Ал қалғаны уақытпен келетін еді. Тәжірибе ойын барысында қалыптасады. Мұны маған бапкерлерім айтып жүрді. Бірі тіпті: «Жұмыс істе. Сенің дене мүмкіндігіңмен шеберлер командасына да жетуге болады» ден салды.
Ұстазының айтқаны айдай келді. 1968 жылы Құралбек Одақ чемпионатының «Б» тобында ойнайтын Шымкенттің «Металлургіне» шақырылады. Мұнда Орта Азия мен Қазақстан командалары күш сынасатын. Бірақ жас ойыншыға бірден негізгі құрамнан табылудың орайы келмейді. Есесіне, 1970 жылғы маусымды іс жүзінде ешбір үзіліссіз түгел ойнап шығады. Осы тұста ол туралы газеттер де жаза бастады. Сол жылғы маусымның қызған шағында алғаш рет жоғары лига командасында ойнауға шақыру алады. Жаушы іргедегі Ташкенттің «Пахтакорынан» келіпті.
Ұсыныс шынында қызықтырардай еді. Келушілер алтын тауды үйеді. Егер мәселеге әкесі Досжан араласпағанда, Құралбектің бұдан кейінгі тағдыры қалай болатынын кім білсін. Ал әкесі салғаннан ұлының өзбек командасына баруына үзілді-кесілді қарсы шығады. «Қайрат» болса жіберер ем, ал «Пахтакорға» бармайсың» дейді ол жұлып алғандай. Айтты – бітті, кесті – үзілді.
Сөйтіп, Құралбек «Металлург» құрамында қала береді. Бақса, бұл бекер болмапты. Маусым аяқталғаннан кейін енді оны іздеп, Алматыдан Сайлаубек Есімбеков пен Владимир Болотов келеді. Олар, әрине, «Қайратта» ойнауға шақырады. Оларды тыңдап алған Досжан ақсақал: «Оған әлі ерте. Әзірге үйде ойнай тұрсын. Сосын белгілі болады», деп жауап қайтарады. Бірқатар уақыттан кейін Қазақ КСР спорт комитетін басқаратын ұлы тұлға Кәркен Ахметовтің өзі келеді үйге. Бұл жолы қатал әке жібиді. Бірақ мынадай шарт қояды: «Алдымен үйленсін, сосын жіберем, әйтпесе, үлкен қалада бала бұзылып кетеді». Бұл кезде Құралбектің де сөз байласып жүрген қызы бар екен. Өздері де үйлену туралы сөз етісіп жүріпті.
– Сонымен, мен 1971 жылдың қаңтарында «Қайрат» маусым алдындағы жаттығу жиынын өткізіп жатқан Леселидзеге Шымкенттен ұшып шықтым, – дейді сосын Құралбек аға. – Аты аңызға айналған жасақтың барлық футболшыларын сырттай білуші едім. Қақпада сол кездегі уақыттың белгілі шеберлері Вячеслав Бубенец пен Виктор Шведков тұратын. Бұлардың біріншісі сол жылы өзінің ойыншылық мансабын аяқтап жатқан. Бұлардан бөлек тағы өз көкіректері өзіне жететін Валерий Степанов пен Евгений Кожемяко дейтін тағы екі голкипер бар екен. Ал мен республиканың бас командасында ойнауға қатты құштар болдым, сондықтан жаттығу кезінде ағаларымның бар айтқандарын қағып алып тұрдым. Олардың кейде ту сыртынан «шикі» деп жатқандарын да еститінмін. Бірақ бұған титтей де ренжіген жоқпын. Себебі, менің ең басты тілегім ойнау болды. Сондықтан жаттығудан кейін қалып қойып, кей ойыншыларға менімен бірге кідіріп, қақпаға доп ұруды өтінетінмін. Көбіне-көп бұл өтінішті Сейілдә Байшақовтан сұраушы едім. Біріншіден, біздің жасымыз қатар еді, екіншіден, ол да мен сияқты командаға жаңадан келген, үшіншіден, екеуміз мейманхананың бір нөмірінде бірге тұрамыз.
– Ал «қақсал» ойыншылармен қатынас қалай қалыптасты?
– Маған бұл сұрақ жиі қойылады, оған өзім де қуана жауап беремін. Сол жылдары «Қайратта» керемет ахуал қалыптасты. Ешкім бір-бірімен сөзге келмейтін, үлкендер жас ойыншыларға дауыс көтермейтін. Тәжірибелі жігіттер жаттығу кезінде жіберген кемшіліктерімізді көрсетіп, белгілі бір жағдайларда қалай ойнағанымыз дұрыс болып шығатынын айтып тұратын. Командада аттары аңызға айналған Сергей Рожков, Валентин Дышленко, Борис Ищенко, Владимир Асылбаев, Александр Жуйков, Олег Долматов секілді футболшылар болды. Маған Леселидзеде басқа командалар қақпашыларының ойындарын да бақылаудың орайы келді. Солардың қатарында Одақта күшті саналып жүрген Тбилисидің «Динамосының» қақпашысы Рамаз Урушадзе мен Киевтің «Динамосының» голкипері Евгений Рудаковтың жаттығуларын бар ынты-шынтыммен көріп жүрдім. Соларға ұқсауға қатты ынталы болдым.
– Үйлену тойыңыз қашан өтіп еді?
– Леселидзеде 22 күн болғаннан кейін. Жиын бітісімен бас жаттықтырушымыз Виктор Корольков мені Шымкентке екі күнге жіберді. Дариха екеуміз сол екі күнде заңды некеге тұрып, тойымызды өткіздік. Содан кейін әкем: «Енді менің жаным тынышталды. «Қайратыңа» бара беруіңе болады», деді.
Міне, осындай шырғалаңмен «Қайраттың» құрамына алынып, қазақ футболының абыройы мен даңқын бір белеске көтеріп берген Құралбек Ордабаевтың бүгін, 6 тамыз күні кезекті туған күні келді. Мен біздің ұлтымыздың ұстыны, нағыз мақтаныштарының бірі болған ағамызды осы мерейлі жасымен құттықтап, оған адами бақыт, ұзақ өмір тілеймін.
Серік ПІРНАЗАР
06.08.2019