Париж-2024: Қазақ дзюдошысы Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанды
ПАРИЖ. 28 шілде. Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев 66 келіге дейінгі салмақта XXXIII жазғы Олимпиялық ойындардың қола жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сөйтіп, дзюдошылар Қазақстан қоржынына екінші медальді түсірді.
Кіші финалда серб Страхинья Бунчичті ваззари ұпайымен ұтқан Ғұсман Қырғызбаев қола медальге қол жеткізді.
Осымен Қазақстан құрамасы үшінші медальді жеңіп алып отыр.
Кеше Елдос Сметов дзюдо күресінен Олимпиада чемпионы атанса, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев нысана көздеуден қола жүлденің иегерлері болды.
Ал Ғұсман бүгін өзінің бірінші белдесуін испан Давид Гарсия Торнемен өткізді. Шайқас қездесу қосымша уақытқа ұласып, біздің атлет қарсыласын ваззаримен тізе бүктірді. Екнші іріктеу сынағында әлемнің екі дүркін чемпионаты, екі дүркін Олимпиада жүлдегері, кореялық Ан Баулмен кездесті. Ғұсман жекпе-жек басында ваззари ұпайын еншілеп, сол басымдықты кездесу соңына дейін ұстап тұрды.
Біздің палуан ширек финалда екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері, татами иесі, франциялық Валид Хиярды шидо саны бойынша жеңіліп жатып, белдесу ақырына қарай айқын басымдықпен ұтты.
Бірақ жартылай финалда бразилиялық Виллиан Лимаға қосымша уақытта есе беріп қойды.
«Бұл менің соңғы Олимпиадам. Жасым 32-ге келді. Сондықтан, бар күшімді осында тастадым. 60 келіде сегіз жыл күресіппін. Сол салмақта бұйырмаған Олимпиада жолдамасы 66 келіде қолға түсті. Бүгінгі белдесулерге келер болсам, жартылай финалдағы бразилиялық жігіт басқалардан мықты дей алмаймын. Білмедім, жартылай финалда босаңсып кеттім бе… Екі ескерту бергені де ойда тұрды, кеңінен көсіле алмадым. Ан Баулға келер болсам, соңғы екі әлем чемпионатында соған жол бердім. Валид Хиярдан да ұтылдым. Испандықты да бұрын жеңген емеспін. Бүгін бәрінен есем қайтты десем, артық емес. Қола медальға таласқан сербиялық спортшы өте мығым екен. Бойы ұзын. Оңай болмады. Міне, көптен күткен Олимпиада медалі қоржынға түсті. Бұл жеңісті қазақ еліне, ата-анам, әйелім мен балаларыма арнаймын», – деді Ғұсман соңында.