Украин журналисі пікірталаста РФ блогерінің быт-шытын шығарды (видео)
КИЕВ. 28 мамыр. Украин журналисі Виталий Портников орыс әріптесі Юлия Латынинаны дебат барысында толық талқандап өтті. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Әлеуметтік желілер украин журналисі Виталий Портниковтың білімдігіне аса риза болса, Юлия Латынинаның екі халық арасындағы тарих турасында орыстық және кеңестік идеология жасап берген жалған тарихи тұжырымдамадан басқа түк те білмейтінін атап өтуде.
«Бұл – нағыз нокаут. Осы арқылы Латынина ғана емес, бүкіл русофил қауымы естен тандырарлық соққы алды», «Міне, Ресейдің де, Украинаның да шынайы тарихы осы», «Киев Русі мен Мәскеу арасында ешқандай сабақтастық тарихи байланыс жоқ», «Украин мен орыс – бір-бірлеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын халықтар» деп жазып жатыр осыдан кейін блогерлер.
Расында да Ресей журналисі Марк Фрейгиннің тікелей эфирінде ресейлік журналист Юлия Латынинамен дебатқа түскен украин публицисі Виталий Портников Украина мен Ресей арасындағы тарихи байланыс, украиндар мен орыстардың түп тамыры, Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы, диктатор Путин бастаған ресейліктердің империялық амбициялары жөнінде әлемге белгілі жайттарды түгел жайып салды. Ол Киев Русі мен Мәскеу Русі турасында, украиндар мен орыстардың туыстығы хақында Ресей тарапының бірнеше ғасырдан бері өрбітіп таратып келе жатқан ертегілерін тас-талқан еттті. Осының барысында украина журналисі өзінің украин, орыс, белорус, поляк, литван, сондай-ақ Алтын Орда (Ұлық ұлыс) тарихтары төңірегінде керемет білімі бар екені айдан анық көрініп тұрды. Ол сонау Бірінші Петр заманында, Карамзиннің қолымен, кейін кеңес кезеңінде, Сталиннің тапсырмасымен барлық жағдаяттар орыстардың ыңғайына қарай өзгертіліп, қайта жазылған тарихты сынға алып, оны мойындамайтынын атап көрсетті. Ол тұрмақ, Алтын Орда тарихы да бұрмаланып келеді. Орыс оқымыстылары тіпті өз мемлекеттерінің Ұлық ұлыс хандарының арқасында пайда болғанын, ол болмаса қазірі Ресей дәулетінің де болмайтынын мойындаудан қашады.
Совет дәуірінде Киевтің өзінде орыс мектептері өте жоғары орында тұрған. Бұл үшін Киевтегі жүзден аса мектептің бесеуінде ғана украин тілінде білім берілген.
«Сіздер, Путиннен бастап, орыс пен украинның әріптестігі жайында сөз қозғайсыздар. Ондай тепе-тең әріптестік ахуал екі халықтың арасында ешқашан болған жоқ. Орыс қашаннан өзінің өктемдігін танытып келді, біз екінші сортты ұлт саналдық. Кеңес кезеңінде де бар саясат орыс тарапына бағынуды ғана үндеді», – деді украин журналисі.
Дебатта РФ басшылығы мен орыс халқының империялық пиғылдары қатты сынға алынды. Осылардың бәріне Юлия Латынина бір ауыз да табанды жауап қайтара алмады.
Қайта Ресейдің түпкір-түкпірінде тұратын бірқатар кісілер өздерінің Латынина үшін жер болғандарын атап өтіп, Плотниковқа керісінше разылық танытып жатты. Айтатыны жоқ, украин журналисі украин мен орыс тарихын керемет білетінін көрсетті. Тікелей эфирдің соңында оны көрушілердің 85 пайызы өздерінің Виталий Плотниковты қолдайтындарын, ал 5 пайызы Юлия Латынина жағында екендерін білдірді.