Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы жағдаймен танысты
ҚОСТАНАЙ. 16 сәуір. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысынан кейін су тасқыны жағдайын білу үшін Қостанай облысына ұшып келді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы осы мақсатта танысу үшін тікұшақпен су басқын аумақтарды аралап көрді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына байланысты өңірдегі алты аймақта төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тасқынынан зардап шеккен. Қазіргі кезде жағдай тұрақталды. Алайда әлі де 51 үй су астында қалып отыр. Бұдан бөлек, 4 көпірді, 7 жол учаскесін су шайып кеткен, 1414 электр бағанына нұқсан келді. Нәтижесінде Қостанай мен облыстың оңтүстігіндегі аудандар арасында көлік қатынасы қиындап, 13 елді мекенді электрмен қамтамасыз ету мәселесінде түйткілдер пайда болды.
Сонымен қатар Президентке облыстың негізгі гидротехникалық нысандарының, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет берілді. Құмар Ақсақалов елді мекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда ұсталатынын айтты.
Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инертті материалдарды төгу нәтижесінде Тобыл қаласын, Амангелді ауданының орталығын және басқа да елді мекендерді су басу қаупінен сақтап қалу мүмкін болған.
Президент Тобыл қаласында орналасқан жедел штабта су тасқынынан зардап шеккен Қостанай ауданына қарасты ауылдардың тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық белсенділік танытқан және апатқа бей-жай қарамай жанашырлық білдірген барша жұртшылыққа алғыс айтып, халықтың бірлігі осындай қиын кезеңде айқын көрінетінін атап өтті.
«Мен сіздермен жүздесу үшін арнайы келдім. Жағдайдың күрделі екенін түсінемін. Мемлекеттің барлық ресурсы осы мәселені шешуге бағытталып жатыр. Президент ретіндегі менің басты міндетім – су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсету», – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді. Мемлекет басшысы барлық зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
«Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы су тасқынының салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітілетінін атап өтті.
Өз кезегінде тұрғындар су тасқынының зардаптарын жоюға жедел көмек көрсетіліп, құтқару жұмыстарының уақытылы жүргізілгені үшін алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл апат халықтың бірлігін айқын көрсетті. Табиғат апатының алғашқы күндерінен бастап еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, жалпы жанашыр адамдардың барлығы жан-жақты көмек көрсетуге ұмтылған.
Президент қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салынатынын мәлімдеді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы келесі жылы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған іс-шараға қатысу үшін Арқалық қаласына баруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары кезінде сондай-ақ су тасқыны салдарын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен жүздесті.
Кездесуге өңірдегі машина жасау, тау-кен, тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі салаларының жетекшілері, Қазақстан халқы ассамблеясының жергілікті өкілдері, облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілері және студенттер қатысты.