Бишімбаевтың бұрынғы әйелі балалары қазір әкелерін жек көретінін жеткізді
АСТАНА. 2 сәуір. Сотталушы Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман балалары Салтанатты ұнатып қалғандарын, ал әкелерін жек көріп кеткендерін баяндады. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Әйелін асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деген айып тағылып отырған экс-министрдің бірінші әйелі сот отырысына, соның ішінде Бишімбаевтың кейбір мәлімдемелеріне қатысты өз тұжырымын білдірді.
Сот процесі барысында сөз алған Қуандық Салтанат пен балаларын алып, шетелге демалуға шығар кезде болған жайт туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Салтанат шетелге шығар алдындағы түнде паспортын жоғалтып алған. Содан кейін ол Назыммен сөзге келіп қалыпты-мыс.
Ал Назым бұл баянды бірден жоққа шығарды. Ол осы оқиғаға орай Салтанаттың өзіне бірінші рет байланысқа шыққанын атап өтті. Айтуынша, бұрынғы күйеуінің қазіргі әйелі өзінен сөз болып отырған жайтқа байланысты бірден кешірім сұраған.
«Паспортымды жоғалтып алғаным үшін кешірім сұраймын, үйде көшіп-қонып жүріп, стреске түсіп, бәрін ұятқа қалдырдым. Балалардың маған көзқарасы жақсы, ол сіздің арқаңызда. Өте мейірімді және тәрбиелі балалар. Бұл сіздің арқаңыз деп білемін және сізге құрметпен қараймын. Егер қарсы болмасаңыз, сізбен таныссам деп едім. Қарым-қатынасымыз жақсы болғанын қалаймын», – деп жазған Салтанат.
Сондай-ақ Назым Қаһарман оның «Қуандық Бишімбаев манипулятор» деген пікірімен келіскен.
«Келісемін, masterpiece, манипулятор», – дейді Назым.
Сонымен қатар, Назым Қаһарман өзінің Қуандықпен ортақ қызының Салтанатқа жақын күндері жазған хатын көрсеткен. 21 наурызда жазылған хатта кішкентай қыз Салтанатқа оны қатты сағынғанын жазған.
«Қатты сағындым, әкем жаман адам, әйелдерді ұру сұмдық және ұят нәрсе. Сізді жақсы көремін», – деп жазған Қуандық пен Назымның ортақ қызы.
Айта кетейік, Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевпен 14 жыл некеде болған. Олар 2020 жылы ажырасып кеткен. Екеуінің ортақ үш баласы бар.