Сарапшы Бишімбаев пен оның адвокаттары Салтанатқа жала жабуға кіріскенін айтты
АСТАНА. 2 сәуір. Белгілі коуч, сарапшы Роза Әшірбаева Қуандық Бишімбаев пен оның адвокаттарының әрекеттері марқұм Салтанатқа жала жауып, оның өзін кінәлі етуге бағытталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Роза Әшірбаеваның айтуынша, қазіргі таңда сотқа қатысты ақпараттық шабуылдар басталған.
«Бишімбаевтың адвокаттары «Біз қалай қорғанамыз?» деп талқылаған кезде, олардың бар ойына келгені осы. Яғни Салтанатты барынша жаман көрсетсек, онда жаза ретінде аз мерзім беріледі деген ойға келген. Сценарийді солай құрған. Сөйтіп, ақыр соңында Салтанаттың өзін өз өліміне кінәлі қылып шығармақшы.
«Бишімбаевтың адвокаттары не үшін бұлай істеп отыр? Себебі, Қазақстанда 20 миллион адам болса, оның 10 миллионы – ер адам. Статистика бойынша, ер адамдар мемлекеттік қызметте, басшылық қызметте, азаматтық белсенді адамдар. Ал ер адамдардың көбі күйеуі әйелін ұрса, демек, әйел өзі кінәлі, тілден тапты деп ойлайды. Адвокаттар әдейі осы тақырыпқа бұрмалап әкеле жатыр. Себебі, «Салтанаттың өзі сондай, жеңілтек, ашулана береді» деген айыптаулар әлеуметтік желіге тарап кетсе, артында Бишімбаев бүкіл ер азаматтарға үндеу жасап жатыр деген сөз. Ер азаматтарға сигнал жасап жатыр. Құқық қорғау органдарында көбіне жұмыс істейтін ер адамдар, алқабилердің бесеуі ер адам. Сондықтан Бишімбаев жазасын өтеу мерзімін азайту үшін аянбай әділетсіз түрде Салтанат пен оның отбасын қаралап жатыр», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар, Роза Әшірбаеваның байқауынша, Бишімбаев Салтанат екеуінің арасында ғана болған дәлелі жоқ жағдайды әдейі айтқан.
«Салтанаттың эмоциясы ауыса береді, мен оған дәрі бердім» деген нәрселерді айтады. Оған дәлел жоқ. Оны жоққа шығаратын бір адам ғана – Салтанат. Аузына келгенін айтып жатыр», – блогер бұдан әрі.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі заңгер Ержан Есімханов «Бишімбаев ісі» елдегі сот жүйесінің қандай күйде екенін әшкерелеп берген болатын.
Тағы бір жайт, әлеуметтік желіде қазақстандықтар судья, прокурор мен адвокаттардың дөрекілігіне наразы болған. Заңгердің сөзінше, олардың өзін ұстауына таңғалудың қажеті жоқ.
«Бұл бүкіл ел онлайн көруге мүмкіндік алған ауқымды процесс, сондықтан кәсіби мамандар да, қатысы жоқ адамдар да процеске қатысты пікір білдіруге тырысып жатыр. Олардың көбі процесс қалай өрбіп жатқанына наразы. Прокурорлар селқос, айыпталушының адвокаттары дөрекі, судья процесті бақылауда ұстамай отыр дейді. Сондықтан адамдарда процесс бақылауда тұр, шешім белгілі, әділдік болмайды дегендей ой қалыптасқандай болған. Бұл қалыпты нәрсе, әркім өз ойын айтуға құқылы. Бірақ бір нюанс бар. Мұны бұған дейін сот процестеріне қатысқан адам түсінеді. Олардың өзін бұлай ұстауы жаңалық емес, олар өзін үнемі осылай ұстайды. Үнемі. Прокурорлар селқос. Бір тұжырымды қайталай береді. Заңгерлер олар не үшін бір нәрсені қайталай беретінін түсінеді, айыптаушы тараптың белгілі бір процедуралық міндеті бар, олар сол тапсырманы орындауы керек», – дейді заңгер.
Ержан Есімхановтың пайымынша, адвокаттардың өзін дөрекі ұстауы да қалыпты нәрсе.
Еске сала кетейік, 1 сәуірде өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаев марқұм әйелі Салтанат Нүкеновамен қарым-қатынасы туралы өз нұсқасын айтқан болатын. Сонымен қатар, Бишімбаев сотта Салтанаттың жеке өміріндегі бұрынғы жайттар жайлы да сөз қозғады.
Одан бөлек, Бишімбаев іске қатысты ақпараттар бұрмаланғанын мәлімдеді.
Ендігі сот отырысы 3 сәуірде 10.00-де басталады.
27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.
Кейін Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.
Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.