Франция батыс елдерінің Украинаға әскерилер жіберетін альянсын құрып жатыр
ПАРИЖ. 10 наурыз. Франция президент Эммануэль Макронның бастамасымен батыс елдерінен Украинаға әскер жіберуге ықыласты альянс жасап шығуға кірісті. Бұл туралы Politico ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Париж осы орайда өздерімен алғашқы пікірлестерді Балтық елдерінен тауып отыр. Франция сыртқы істер министрі Стефан Сежурне бүгін Литвада өзінің Украина мен Балтық елдеріндегі әріптестерімен кездесті. Онда Украина территориясына әскерилер, соның ішінде майдан даласын миналардан тазартушы мамандар жіберу жөніндегі идея жан-жақты талқыланды
«Ресей біздің жақын айларда немесе жылдарда Украинаға қалай көмек беруімізге болатынына нұсқау айтуға тиіс емес, – деді Сежурне. – Біз мүлде Кремльдің айтқанымен жүрмейміз. Ресей біздің іс-әрекетімізге бағдар беруге немесе біз аспайтын «қызыл сызықты» белгілеп қоюға тиісті емес. Біз мұның бәрін өзді-өзіміз шешеміз».
Сежурге майдан даласын Ресей солдаттары қалдырып кеткен миналардан тазарту жөніндегі операциялар жайлы айта келіп, оған барғандардың ұрыс қимылдарына қатыспайтындарын сөз етті.
«Украина бізден әскер беруді сұраған жоқ. Украина тек оқ-дәрілер беруді ғана өтініп отыр, – деді француз министрі. – Бірақ біз жақын айларда көп нәрсенің өзгеріп кетуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз». Демек, соғысқа солдаттар аттандырылып қалуы да әбден мүмкін.
Франция президенті Эммануэль Макрон Украинаға әскерлер аттандырылып қалуы ықтимал екенін бірінші рет ақпан айының соңында айтқан еді.
Ресей президенті Владимир Путин осыдан кейін федералды жиналыс алдында сөйлеген сөзінде әдеттегідей «ықтимал интерванттерге қарсы» ядролық қару қолдаанатынын айтып, қоқан-лоққы көрсетті.