Президент министрге: Жұмысыңызды ауыр санасаңыз, орныңызды босатыңыз
АЛМАТЫ. 25 қаңтар. Президент Алматыда өткен сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кеңесте Төтенше жағдайлар министріне жұмысын ауырсынып жүрсе, орнын босатуы керек екенін меңзеді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министр Сырым Шәріпхановтың аталған сала маманы ретінде теориялық білімі бар екенін, бірақ нақты іске келгенде жұмысының нәтижесі көрінбей жатқанын ашып айтты.
Президент төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейінің төмен екенін сынға алды. Бұл сейсмикалық мониторинг желісіне де, сондай-ақ құтқарушыларды заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты.
«Сейсмикалық бақылауды «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС-не қарасты Алматы, Шымкент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станция жүргізеді. Оның алтауы істен шыққан. Мамандардың есебіне сәйкес бүкіл ел бойынша қосымша 285 сейсмологиялық станция орнату қажет. Жойқын жер сілкінісі кезінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы және оның қолжетімділігі айрықша маңызды. Көлік байланысын жедел қалпына келтіру және медициналық көмек ұйымдастыру мүмкіндігі де шешуші рөл атқарады. Әкімдер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, барлық елді мекеннің осыған қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын екеніне көз жеткізуге тиіс. Осы жер сілкінісінен сабақ алып, жіберілген олқылықтарды түзету қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі әлі толық шешімін таппай отырғанына тоқталды. Оның ойынша, зілзала кезіндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарау қажет.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан кейін Алматының азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шыққанына, ал құзырлы органдардың табиғат сынағынан өте алмағанына назар аударды.
«2021 жылы жеті министрліктің бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасының 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені бекітілді. Басқа да міндеттерді қоса алғанда, бұл құжатта Алматы қаласы үшін жойқын жер сілкіністері туралы автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесін енгізу көзделген еді. Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс. Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды және бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын. Соған қарағанда, бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады», – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша Төтенше жағдайлар министрлігіне өз қызметін сыни тұрғыдан қайта таразылау міндеті жүктелді. Президент министр Сырым Шәріпхановтың аталған сала маманы ретінде теориялық білімі бар екенін, бірақ нақты іске келгенде жұмысының нәтижесі көрінбей жатқанын сөз етті.
«Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.