Ресейдің тағы бір ірі қаласы – Владивосток жылу мен судан мақұрым қалды
МӘСКЕУ. 25 қаңтар. Ресейдің Қиыр Шығыстағы ең үлкен шаһары – Владивосток апат салдарынан жарықтан, жылу мен судан ажыратылды. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейді 2024 жылдың қысынан бері жайлап алған коммуналдық жүйелердегі апаттар кезегі Қиырдағы Владивостокқа дейін жетті. Сейсенбі, 23 қаңтар күннің кешінде қаладағы «Загородная» қосалқы станциясы отқа оранып, Первомайский ауданындағы жүздеген үйлер электр қуатынан ажырап қалды. Мұның ақыры жылу мен су берілуін де тоқтатты. Өрт небәрі 5 шаршы метр жерге ғана таралған екен. Алайда өрттің тез сөндірілгеніне қарамастан, қосалқы станцияны қалпына келтіру жұмыстары бір күнге созылды.
Қиыр Шығыс дистрибьюторлық желілік компаниясы өрттің жабық тарату құрылғысында тіркелгенін мәлімдеді. «Өрт 475-ке жуық көпқабатты үй мен 125 жеке үйді жарықсыз қалдырды», деп баяндады Ресей ТЖМ Приморье бойынша баспасөз қызметі. Astra мәліметтері бойынша, оларда 100 000-ға тарта адам тұрады.
Владивосток басшысы Константин Шестаков электр қуаты мен жылу сәрсенбі күні сағат 22:00-ге дейін қалпына келеді деп сендірді. Бірақ апаттан бір тәуліктен астам уақыт өткен соң да көптеген үйлерге жарық жеткен жоқ. 24 қаңтар күні таңертең үйлердің 15 пайызы әлі жылусыз тұрды. «Жабдықты сынақтан өткізу кезінде оның ақаулары бар екені анықталды. Компания қызметкерлері қазір оларды жойып жатыр», – деп түсіндірілді бұл жағдай.
«Кейбір үйлердің кіреберістеріндегі батареялар қатып қалды», – деді Владивосток қалалық думасының депутаты Дмитрий Новиков. Оның айтуынша, оған кіреберістегі батарея жарылған үйлердің бірінің тұрғындары жүгінген, ал бірінші қабаттағы бөлмелердегі температура Цельсий бойынша 4 градусқа дейін төмендеген.
Қосалқы станцияда төрт бөлім зардап шекті: екеуі толығымен күйіп кетті, екеуіне заөым келді. Қала депутаты Александр Юртаев бұл іс-шара қолданыстағы жүйенің проблемаларына баса назар аударғанын атап өтті.
Желтоқсан айының соңында күн күрт суытқан кезде Мәскеу облысының және Ресейдің басқа аймақтарының тұрғындары жылу мен судың жаппай үзілуіне тап болды. Мемлекеттік думаның мәліметтері бойынша, 2024 жылдың алғашқы екі аптасында Ресейде төтенше жағдайлар саласында 2500-ге жуық оқиға тіркелген. Құрылыс министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2023 жылдың 30 желтоқсанынан 2024 жылдың 22 қаңтарына дейін Ресейде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарында 4382 оқиға тіркелген. Вице-премьер Марат Хуснуллиннің айтуынша, бұл саланы ретке келтіру үшін шамамен 4,5 трлн рубль қажет болады.