Қызылорда: Үздік IT жобалар білім грантымен қоса қаржылай сыйлық алды
ҚЫЗЫЛОРДА. 13 қараша. Сыр бойындағыбас қалада өткен Hackathon байқауында үздік деп танылған IT жобаларға білім гранты мен қаржы сертификаты тапсырылды. Бұл туралы өз мәнбесіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қызылордада Hackathon идеялар байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осы кезге дейін 1000-ға жуық жас ІТ бағытта жоба жасауға ынта танытты. Биыл «Әзірлеу», «Модельдеу», «Медиа&Білім» бағыты бойынша 120-дан аса жоба қорғалды.
ІТ салаға бейім жастар түрлі сайт, мобильді қосымшалар жасап, 3D модельдеу арқылы жобалар ойлап тапты. Сондай-ақ, жасанды интеллект, робототехника элементтері бар өнімдер ұсынды. Байқау аясында онлайн оқыту, анимация мен кинематография бағытында жаңаша жобалар жарыққа шықты.
Облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла Hackathon талантты жастардың стартап жобаларын қолдау арқылы олардың келешекте өз ІТ өнімдерін нарыққа шығаруына үлкен жол ашатын елеулі жоба екенін жеткізді.
Байқауға қатысуға ниет білдірген жастар әлеуметтік, туризм, кәсіпкерлік және медиа бағытындағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін жобалар әкелген.
Мәселен, жас ұстаз логопедиялық көмекті қажет ететін балалар үшін онлайн платформа ойлап тапқан. Ал оқушылар аниме арқылы математиканы оқыту, нейрожүйелер арқылы тарихты таныту, ағылшын тіліндегі кино туындыларды қазақ тілінде дубляж жасап, жасанды интеллект арқылы қазақ ертегілерін оқытуға болатынын дәлелдеді.
Байқау нәтижесінде «Модельдеу» секциясы бойынша «Ақылды мектеп» жобасын жасаған Асылтас Шөментай, «Әзірлеу» секциясында «Game day» жобасымен Зарина Әзенова және «Медиа және білім» секциясы бойынша «Fed up» жобасын жасаған Әли Талапқа Қорқыт ата университетінің білім гранты бұйырды.
Ал жүлделі І, ІІ,ІІІ орындарды иеленген жүлдегерлерге 150, 100,50 мың теңгелік сертификат табыс етілді.