Оқу-ағарту министрі мектеп формасына қатысты ұсынысқа нүкте қойды
АСТАНА. 22 тамыз. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев соңғы кездері оқушылардың мектеп формасына хиджабты енгізу жөнінде көтеріліп жатқан мәселенің қалай шешілгенін жария етті. Бұл туралы Adyrna.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның жауабы министрдің Үкімет үйінің ауқымында журналистермен болған кездесуі кезінде берілді.
«Мектепке хиджаб киіп келуге бола ма? Нақты жауап беріңізші. Себебі, қазір әлеуметтік желіде (Оқу ағарту министрлігі) мектепте хиджаб киюге рұқсат берді деген ақпарат тарап жатыр», – деді журналист.
«Конституция бойынша, Қазақстан зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың (мектептегі) формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек», – деді министр Ғани Бейсенбаев өзінің осыған орай жауабында.
Журналист шенеуніктен мектепке хиджаб киіп келуге рұқсат бар-жоғын тағы да нақтылаған.
«Бұйрық бойынша солай, формамен мектепке келу керек. Мектепке келудегі мақсат – баланың сапалы білім мен саналы тәрбие ала алуы. Енді көтеріп отырған мәселе (мектепте оқушылардың хиджаб киіп келуі – ред.) мұны шеше ала ма? Бірінші кезекте біз негізгі мақсат пен адамдардың қосымша ойын шатастырмауымыз керек. Бала (мектепте – ред.) сапалы білім мен саналы тәрбие алуға міндетті. Оны ата-ана қамтамасыз етуге міндетті. Ол заңда белгіленген. Сондықтан бәріміз заңды орындауға міндеттіміз», – деп жауап берді министр.