Тұтас ауыл өлген егерьдің туыстарынан кешірім сұрады
ҚЫЗЫЛОРДА. 25 ақпан. Қаланың іргесіндегі «Абай» ауылының тұрғындары қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің туыстарынан кешірім сұрады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Қарағанды облысының Нұра ауданы жерінде заңсыз аң аулау кезінде қызмет бабында жүрген инспекторды ұрып өлтірген үш браконьердің туған-туыстары мен ауыылдастары марқұмның жақындарынан кешірім сұрады. Осы үшін олар мал сойып, құран оқып, қаза тапқан егерьдің әруағына бағыштады.
«Абай» ауылының тұрғындары өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілген қылмыскерлердің жазаларын өздерінше жеңілдетуге ықпал еткілері келеді. Жиналғандардың айтуынша, оларды өмір бойы бас бостандықтарынан айыру – өте қатал жаза. «Біз олардың кісі өлтіргендері үшін сотталғандарына келісеміз. Бірақ өмір бойы бостандықтан айыру – бұл қатал жаза», – дейді ауыл тұрғындары. Сондықтан жазаның жеңілдетілуін сұрайды.
«Балалар күн сайын әкелерін көргілері келеді, оны қайда, деп сұрайды. Біз тіпті оларға не деп жауап берерімізді де білмейміз. Жазаны жеңілдетіңіздер. Біз оларды кінәлі емес деп тұрған жоқпыз. Бірақ мұнда да бір шек болуы керек қой. Ең болмаса, қартайған кездерінде балаларына оралсын», – дейді сотталушы Қайрат Ақшановтың әйелі.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 13 қаңтары күні Қарағанды облысының Теңіз көлінің маңайында «Охотсоюздың» инспекторлары өліп жатқан бес киікті көріп, браконьерлердің соңына түседі. Сөйтсе, олар екі джип көлігімен жүр екен. Бұларды көрген қарақшылар қаша жөнеледі. Біраздан кейін екі көлік екі жаққа бөлініп қашады. Олардың соңында келе жатқан инспекторлар да екіге бөлініп қуады. Сонда Ерлан Нұрғалиев пен Пети Ныцик қашып бара жатқан қашқындарды көліктерінің доңғалағына оқ атып тоқтатады. Содан кейін машинадан түскен үш браконьер – Қайрат Ақшанов, Берік Ахметов және Нұрлан Шүкілдіков инспекторларға тап береді…
Осы соққыдан кейін Ерлан Нұрғалиев ауруханада есін жимаған күйі жантәсілім етті. Ал Петр Ныцик ұзақ уақыт жатып, емделіп шықты.
Ал Ерлан Нұрғалиевтің балаларына кім әкелерін қайтарып берер екен?!