Ресей пропагандисі Украинадан кейін кезек Қазақстанға келетінін айтты (видео)
МӘСКЕУ. 7 тамыз. Ресейлік насихатшы Сергей Мардан РФ армиясы Украинадағы соғысты аяқтағасын Қазақстанға шабуыл жасайтынын жеткізді. Бұл туралы украин пабликтеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ол мұны Астананың қазақ жерінде Кремль Z свастикасының қолданылуына тыйым салғалы жатқанына өзінің ашу-ызасын білдіре отырып мәлімдеді.
Бұған дейін Қазақстан билігі Ресейдің басқыншы армиясының Украинада жасап жатқан агрессиялық соғысы барысында пайдаланып жүрген Z, V таңбалары мен «Вагнер» ЖӘК символикасының елде қолданылуына тыйым салатын заң дайындалып жатқанын жариялаған болатын. Бұл Ресейдің шовинистік билігі мен саясаткерлері тарапынан бірден қардай бораған қарсы сөздер легін туғызып, жаппай қоқан-лоққы жасалуына тағы бір себепші болды. Солардың бірі – РФ мемлекеттік пропагандисі Сергей Мардан осыдан кейін Украинадағы соғыс біткен бойда алда тұрған негізгі жау шебі Қазақстан болатынын баяндады.
Ресейлік насихатшының арсылдаған арсыз айбатына украин журналисі Денис Казанский назар аударып, Ресей эфиріндегі осыған байланысты фрагменттерді өзінің YouTube-каналында жариялады.
Казанскийдің айтуынша, Қазақстан билігінің ресейлік Z свастикасына тыйым салуының толық қисыны бар, өйткені, қазақтар Ресейдің тап осындай агрессиясына Қазақстанға да еш қымсынбастан жасай беретініне еш күмәнданбайды, бұл ел мен оның билеушілерінде адами құндылық та, қасиет те жоқ, импершілдік амбициямен жаппай ауыратын олар соны жүзеге асыру жолында өзіне «дос» саналатын елді бір мүйнетте-ақ сатып кете алады. Мұндай «пландары» барын ресейліктердің өздері де ешқашан жасырған емес. Қазақстан жерінің тұтастығына нұқсан келетін бопсаларды Жириновский бастаған асыранды төбеттерден бастап, қазіргі мемлекеттік дума депутаттарының айтып келгендерін былай қойғанда, мемлекет басшысы Путиннің өзі де бірнеше рет атап тұрып айтты.
«Қазақстан – құрамына Ресейдің тарихи жерлері кіріп кеткен жасанды мемлекет» деп тұрып та соқты. Бірақ қазақтар «исконная русская земля» деген аумақтың Московия төңірегінен аспайтынын, Орал тауларының шығыс бетін ең лғашқы тірі орыс тек XVII ғасырдан бері қарай ғана көргенін, ал қазақтың жері қазір отырған аумағымен ғана шектеліп қалмайтынын жақсы білетін еді.
Кремльдің айтағымен жұмыс істейтін «Соловьев Life» каналының жүргізушісі Сергей Мардан қазіргі күндері Қазақстанға ашықтан-ашық қоқан-лоққы жасай бастады. Бұған дейін де осындай сөздерімен көзге түсіп келген ол бұл жолы тіпті аянбады. Ол Украинадан кейінгі шабуыл нысаны Қазақстан екенін өз көсемдерінің жол сілтеуімен тағы да айтты.