Қытай наурызда коронавирусты толық жеңеді
МӘСКЕУ. 23 ақпан. Қытай билігі елді жайлаған коронавирусты наурыз айында толық ауыздықтаудың мүмкіндігі бар екенін айтып отыр. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
«Хубей провинциясынан басқа аймақтарда осы айдың ішінде вирусты толық жеңіп шығуға мүдделіміз», – делінген хабарламада.
ҚХР билігі наурыз айының соңына дейін бүкіл елдің территориясында коронавирусты жеңе алады. Мұны Қытайдың Ресейдегі елшісі Чжан Ханьхуэй бірінші вице-спикер Иван Мельниковпен әңгімесі кезінде мәлімдеді.
«Біз бұл вирусты толық жеңіп шыға аламыз. Хубей провинциясынан басқа аймақтардың бәрінде осы айдың соңына дейін жеңе аламыз. Ал індеттің ошағында, бәлки, келесі айдың соңына дейін оны жойып, бүкіл Қытай территориясын тазалап алатын шығармыз», – деді елші.
Оның айтуынша, бұл індетті жұқтырғандардың 99 пайызы Қытай аумағында тіркелген. «Бүгінгі күнге 18 мың адам госпитальдарда емделіп шыққан. Орталықтан бөлек, көптеген провинциялар мен аймақтарда 10 күннен бері індетті жаңадан жұқтыру деректері орын алып жатқан жоқ. Хубэй провинциясында, әсіресе, Ухань қаласында індет жұқтырушылар саны біртіндеп азайып келеді», – дегенді қосты бұған дипломат.
Елші коронавирустан өліп жатқандардың саны көп емес екенін де айтты. «Ол Хубэй провинциясында шамамен 2 пайыздан сәл ғана асса, бүкіл ел бойынша небәрі 0,55 пайызды құрайды. Біз жағдайды бақылауда ұстай аламыз», – деді ол.