Украиндар Қытайдан келгендерді емдеуге қарсы болды
КИЕВ. 23 ақпан. Украина құқық қорғау органдарының қызметкерлері кеше Полтава облысындағы Новые Санжары поселкесіндегі санаторийді жергілікті тұрғындардың нөпірінен қорғап, «шеңберге алуға» мәжбүр болды. Бұл туралы INTERFAX.RU хабарлады.
Бұған 20 ақпан күні осы шипажайға Қытайдың Ухань қаласынан эвакуация жасалынған азаматтарды карантинге жатқызу себеп болған. Олардың арасында 45 Украина азаматы, соның ішінде сегіз жасар балалы отбасы, 20 жастағы студенттер, сондай-ақ 27 шетелдік азамат бар.
Билік оларды Новые Санжары елді мекеніндегі Ұлттық гвардияның медициналық орталығына жатқызып, карантиннен өткізуге шешім қабылдаған. Мұны жергілікті тұрғындар өздері үшін қауіп-қатер әкелетін шара ретінде санап, жаппай қарсы шыққан. Олар келе жатқан автоколоннаның жүруіне кедергі келтіріп, тас жаудырған. Нәтижесінде айрықша белсенділіктерімен көзге түскен 24 адам қамауға алынған. Бірақ артынан 23 азамат босатылып, үйлеріне жіберілген.
Сенбі күні эпидемиологтар Уханьнан келгендерді тексеруден өткізу үшін Киев лабораториясында тест-жүйеден өткізген.
«Новые Санжары» кентінде қазір бәрі тыныш, шеру тоқтады», – деді Украина ішкі істері министрінің орынбасары Антон Геращенко. Ол карантин территориясына сырттан ешкімнің басып кірмеуінің барлық шаралары қабылданғанын атап өтті.