Динара Зәкиева Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды
АСТАНА. 12 маусым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Динара Болатқызы Зәкиева Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда cайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Мұның алдында Президент өз өкімімен Аружан Сайында бұл қызметтен босатқан болатын.
Динара Зәкиева 1982 жылы туған. Бейжің Тіл және мәдениет институтын (Қытай 2001 жылы), Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «халықаралық құқық» мамандығы бойынша (2002 жылы), Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын «халықаралық құқық» мамандығы бойынша (Мәскеу, 2004 жылы); MBA Hult international business school (Дубай 2013 жылы) бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы «ТопЮрАудит» ЖШС бас директорының орынбасары болып бастаған. Бұдан кейін бірқатар мемлекеттік қызмет атқарған.
Жаңа тағайындауға дейін, 2021 жылғы 15 қаңтардан Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылымының депутаты болды.
Бүгін Динара Зәкиева омбудсмен болып тағайындалғаннан кейін жұмысын Абай облысында эвакуацияланған балалармен кездесуден бастайтынын мәлімдеді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлының маған артқан сенімі үлкен жауапкершілік деп білемін. Бұл – балалық шақты қорғау, отбасыларды қолдау саласындағы жағдайды жақсартуға таптырмас мүмкіндік. Бұған бар күш-жігерімді саламын. Қазір жекеме сұрақтар мен ұсыныстар келуде. Ұсыныстарыңыздың барлығын да қарастырамын деп уәде беремін. Әрдайым ашықпын. Осы жерге жеке телефон номерімді қалдырамын. (тел: 8 705 884 70 40) Өтініш, хабарламаны жазба түрінде тек уатсапқа қалдырсаңыздар. Міндетті түрде жауап беремін», – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.